Қарулы күштерде Отбасы күніне арналған іс-шаралар өтуде

Қазақстанда қыркүйектің екінші жексенбісінде атап өтілетін Отбасы күні қарсаңында барлық гарнизондарда отбасы құндылықтарын нығайтуға бағытталған тақырыптық іс-шаралар өтіп жатыр.

Қорғаныс министрлігінің басшылығы көп балалы, сондай-ақ ерекше күтімге зәру балалар тәрбиелеп отырған отбасыларға ерекше назар аударды. Осындай іс-шаралар барысында әскери қызметшілердің отбасыларына бару, спорттық және зияткерлік жарыстар, экскурсиялар мен концерттер ұйымдастырылды.

Нұр-Сұлтанда әскери полиция бас басқармасы шалғай гарнизондарда қызмет өткеретіндердің балалары мен ата-аналарына арналған қызықты бағдарламалар өткізді.

Мұнда алғаш рет келген елорда қонақтарына арнайы "Нұр-Әлем" болашақ энергиясы мұражайына, "Бәйтерек" монументіне, "Ailand" ойын-сауық орталығына, Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайына, Қарулы күштердің Мемлекеттік әскери-тарихи музейіне экскурсиялар ұйымдастырылды. Есте қаларлықтай сапар Бурабай курорттық аймағында да болды. Онда әскери қызметшілердің отбасылары тарихи орындарға барып, көрікті жерлермен танысты.

– Әскери полиция бас басқармасының басшылығына жылы қабылдағаны және қызықты шаралар ұйымдастырғаны үшін ерекше алғысымды білдіргім келеді. Балалар ғана емес, біз де тамаша әсер алдық, – деді Гвардейск гарнизонынан келген Зухра Наурызбакиева.

Әскери полиция бас басқармасының басшылығы жас қонақтарға сыйлықтар табыс етті. Ал балалар мен олардың ата-аналары алғыс ретінде бөлімше аумағына шырша отырғызып, естелік белгі қойды.

– Ел Президенті 2022 жылды балалар жылы деп жариялады. Отбасы күні қарсаңында біз алыс гарнизондарда тұратын әскери қызметшілердің балаларын елордаға шақырдық. Бұл іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпақты қолдау және балаларды өз Отанын сүюге тәрбиелеу, – деді Әскери полиция бас басқармасының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі аға офицері капитан Ғазиз Нұрқанов.

 

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Выбор редактора
Ошибка в тексте