Ақтөбеде ішкі туризмге салынған инвестиция екі есе артты

Ақтөбеде ішкі туризмге құйылған инвестиция екі есе артып, қазіргі кезде жаңа нысандар салынып жатыр. Ал жазғы маусымдағы фестивальдарға тек өңір тұрғындары емес, ресейліктер де қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысындағы Қарғалы су қоймасы аумағында «QargalyFest» музыкалық фестивалі және «Qazaqman» триатлоны жарысы өтті.

Фестивальге қала тұрғындары, қонақтар, өңірлік және эстрада жұлдыздары қатысты.

Шара барысында өңір басшысы Оңдасын Оразалин фестиваль жұмысымен танысып, туризмді дамыту бағытталған жобаға сәттілік тіледі.

Фестиваль аясында өткен «QAZAQMAN» триатлоннан жарыста Қазақстанның түрлі қалаларынан 140-тан астам мықты спортшы, оның ішінде кәсіби триатлеттер де қатысты.

Қатысушылар 2,5 км жүзу, 50 км веложарыс және 13 км жүгіруден командалық және жеке сынақтан өтті.

Ішкі туризімді дамытуға және облыс тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында өткен фестиваль аясында қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкелері, спорттық шеберлік сағаттары, түрлі жәрмеңкелер ұйымдастырылды.

Кеш соңында концерттік бағдарламаға Qanay, «Орда» тобы, Kali, Maqlao, Ka-Re және Abdr сияқты жұлдыздар қатысты.

Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратовтын айтуынша, фестиваль ұйымдастырылған Қарғалы су қоймасы еліміздегі ең үздік 50 туристік орын тізіміне кірді. Бұл тізім жаңарып, өңір бірнеше жаңа бағытты ұсынды.

«Былтыр өңірге 149 мың адам келді. Оның 12 мыңнан астамы жақын, алыс шетел азаматтары. Ресей, Қытайдан бар. Былтыр туризмді дамытуға 17 млрд теңге инвестиция салынды. 2020 жылмен салыстырғанда екі есе артқан. Жыл сайын қонақ үй ашылады. Демек қызмет көрсету сапасы артады», – деді Нұрхан Тілеумұратов.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Выбор редактора
Ошибка в тексте