Теннистен Қазақстан жасөспірімдер құрамасы әлем чемпионатын 4-орынмен аяқтады
Чехияның Простеев қаласында теннистен 14 жасқа дейінгілер арасында мәреге жеткен әлем чемпионатында Қазақстан жасөспірімдер құрамасы үздік төрттікке ілікті.
Қазақстандық жасөспірімдер мұндай деңгейдегі жарысқа алғаш рет қатысқанына қарамастан, әлемдегі үздік құрамалармен терезесі тең өнер көрсетті. Топтық бәсекеде әлем чемпиондары - Италия құрамасын жолдан тайдырып, ширек финалға шықты. Өкінішке қарай, қола жүлде үшін матчта қазақстандық жасөспірімдер әлемнің екі мәрте экс-чемпионы - АҚШ құрамасына жол берді. Бірінші кездесуде Дамир Жалғасбай Джек Кеннедиге есе жіберді - 3:6, 3:6. Содан кейін Заңғар Нұрланұлы Китон Хансені 6:3, 4:6, 6:2 есебімен тізе бүктіріп, таразы басын теңестірді. Жұптық сында Даниэль Тазабеков пен Дамир Жалғасбай Кеннеди - Ханседен ұтылды - 4:6, 3:6.
Осылайша, Қазақстан жасөспірімдер құрамасы (капитаны Сергей Квак) төртінші орынға табан тіреді.
Әлем чемпионты аяқталғаннан кейін Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов қазақстандық жас теннисшілердің өздерін нағыз күрескер ойыншы ретінде көрсетіп, тарихи нәтижеге қол жеткізгенін атап өтті.
Вам может быть интересно: «Қазақстанда түсті металлургия өндірісінің көлемі 7,6 пайызға артты»