Павлодар облысында екі жүзден астам жаңа спорт нысандары пайда болады

Алдағы үш жыл ішінде 200 спорт нысандары салынады, олардың 94-ін осы жылы пайдалануға береді. Павлодар облысында 2025 жылға дейін дене шынықтыру мен спортты дамытудың Жол картасының тұсаукесері өтті.

Атап өту керек, бағдарлама өңірдің спорт қауымдастығымен бірлесіп құрастырылды. Құжатты қалыптастыру кезінде осы салаға талдау жүргізілді. Облыстың аудандары мен қалаларындағы спорт мектептерінің қолданыстағы әдіснамалары зерттелді, сондай-ақ, жергілікті тұрғындардың өтініштері ескерілді. Келіп түскен 200 ұсыныстың көп бөлігі жобаға енгізілді.

«2022-2025 жж. арналған спортты дамытудың Жол картасында 6 басым бағыт пен 37 тармақ бар. Үш жылдың ішінде бір жарым мыңнан астам спорттық іс-шара өткізу жоспарланып отыр», - деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дәуір Ерғабулов.

Мәселен, алдағы үш жыл ішінде спортты дамытуға 48 млрд теңге бағыттау жоспарланып отыр. Олардың бір бөлігі мемлекеттік-жеке меншік әріптестік механизмдері бойынша бөлінеді. Өңірде 3 мұз сарайы, жеңіл атлетика манежі, көркем гимнастика орталығы, сонымен бірге, 20 стадион салынады.

«Жеңіл атлетика манежі – біздің көптен бергі арманымыз. Оны құру спорттың дамуына тың серпін береді. Спортпен ересектер де, балалар да айналасатындықтан оның бұқаралық сипаты ауқымды болады», - деді спорт ардагері Виктор Кольев.

Спорттағы адами капиталды дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Алдағы үш жыл ішінде жаттықтырушылар құрамын даярлау және олардың біліктілігін арттырудың тұрақты бағдарламасын іске қосу жоспарлануда. Ол үшін дене шынықтыру сабақтарының мазмұнына сараптама жүргізіліп, қазіргі кезеңге сәйкес оқыту стандарттары құрастырылады.

«Спортық дәстүрлер, спорттағы әулеттер, ұрпақтар сабақтастығы - әрдайым үлгі аларлық мысалдар. Сондықтан үздік дәстүрлерді - барлық спорт түрін насихаттау, жастарды спортпен шұғылдануға тарту бойынша жұмыс істеу керек. Ал, «бұқаралық спорт - әуесқойлар спорты - кәсіби спорт» жүйесі осы саланың дамуына берік негіз бола алады», - деп атап өтті Әбілқайыр Сқақов.

Жоспарлы жұмыстың нәтижесінде 2025 жылға қарай дене шынықтыру және спортпен белсенді айналысатын тұрғындардың саны 375 мың адамды құрамақ.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Выбор редактора
Ошибка в тексте