ҚР Ұлттық Банкі өздерін инвестициялық компания ретінде таныстыратын алаяқ топтардың белсенді әрекетке көшкенін ескертті
Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлағандай, қаскөйлер мобильді қосымшалар, сайттар мен жарнамалық роликтер жасауға бейімделіп алған. Олардың мазмұны жеке тұлғалардың қаражатын басқаруға тарту секілді бағдарламаларды сипаттайды және оны екінші деңгейлі банктермен, ҚҰБ-пен немесе басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп әзірленген деп көрсетеді. Мұндай жарнамалар – фейк.
«Бұл алаяқтық пиғылдағы ресурстар мен телефон қосымшалары Қазақстанның «мемлекеттік қорынан», «Ұлттық ресурстардан» немесе қаржы нарығын динамикалық болжаудан тез пайда табуды ұсынады, мұндай мүмкіндіктерді төлем жасаған қолданушыға ғана беретінін айтады. Мұндай сайттарға өтініш қалдырған интернет-қолданушылар ақшасынан айырылатындай тәуекелге барады: алаяқтар алдымен оның жеке деректерін қолды етеді, сөйтіп телефон арқылы хабарласып, ақшаны өз реквизиттеріне аудартып алуға тырысады. Әрі қарай, ақша аударылған соң оны кері қайтару процедурасы ұзақ та күрделі болуы мүмкін. Сөйте тұра салынған қаражатты кері қайтару үшін қосымша ақша салуға қолданушыны тағы мәжбүрлеуі ықтимал», - дейді Ұлттық банк.
Алаяқтық сайттар аз уақыт ішінде инвестициядан жоғары әрі тұрақты пайда табуға кепілдік береді, қандай да бір байланыс дерегі болмайды, ресми мемлекеттік тұлғалардың, мемлекеттік органдар мен ұлттық компания басшыларының фотосуреттері мен ойдан құрастырылған мәлімдемелері келтіріледі, жалған лицензиялар немесе құқық белгілейтін құжаттар пайдаланады.
«Мемлекеттік органдардың, екінші деңгейлі банктердің немесе ұлттық компаниялардың логотиптері мен атаулары шын болуы мүмкін. Алайда, ол заңды тұлғалардың, оның ішінде Ұлттық Банктің мұндай алаяқтардың платформасына қатысы жоқ. Ұлттық Банк жеке тұлғалардың шоттарына қызмет көрсетпейтінін, ақшалай есеп айырысу мен мәмілелер жасамайтынын, мемлекеттік қорларда табыс табу үшін қандай да бір платформалар әзірлеуге қатыспайтынын еске саламыз. Іс жүзінде активтерді инвестициялық басқаруға лицензиясы бар ұйымдардың тізімі ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми сайтында жарияланған», - деп жазды Ұлттық банк.
Осындай сайттарға, мобильді қосымшаларға тап болғандар немесе телефон-алаяқтарының құрбаны болғандар – алаяқтық фактісі бойынша құқық қорғау органдарына арызбен жүгінуі қажет.
Оған қоса, Ұлттық Банктің ресми байланыс орталығына 1477 қысқа нөмірі арқылы (ұялы телефоннан тегін) хабарласуға болады.
Вам может быть интересно: «В Узбекистане отметили 21-ую годовщину основания ШОС»