Қаржы министрі: Әлеуметтік міндеттемелер толық көлемде орындалды

«2021 жылы еліміздегі жалпы ішкі өнім өсімі экономиканың барлық базалық салаларында оң нәтижемен 4%-ды құрады» деп мәлімдеді ҚР парламенті сенатында баяндама жасаған вице-премьер – ҚР қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев. Бұл жайында бүгін өз ақпаратында ҚР қаржы министрлігі хабар етті.

Сенат депутаттары алдында 2021 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуы туралы баяндама жасаған Ерұлан Жамаубаев, елімізде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3,8%-ға, құрылыс саласының ауқымы – 7,6%-ға, көлік саласы бойынша – 3,6%-ға, сауда саласында – 9,2%-ға артты деп көрсетті.

Қаржы министрлігінің ақпаратынша, 2021 жылдың қорытындысы бойынша инфляция деңгейі елімізде 8,4%-ды құрады. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 3,5%-ға ұлғайды. Бюджет түсімі 12,7 трлн теңгені құрап, 100,8%-ға орындалды.
Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, трансферттерді есепке алмағанда кірістер бойынша жоспар 156 млрд теңгеге артығымен орындалып, 7,4 трлн теңгені құрады.

Сондай-ақ, вице-премьер өз сөзінде білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет саласында көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мақсатында педагогтардың, дәрігерлердің, мәдениет саласы мен халықты әлеуметтік қорғау қызметкерлерінің еңбекақысы көтерілгенін алға тартып, бұл мақсатқа «шамамен 950 млрд теңге жұмсалды» деп көрсетті.
Эпидемияға қарсы шараларды жүргізуге 422,6 млрд теңге бөлінген.
«Жалпы, мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерін толық көлемде орындады», - деді Ерұлан Жамаубаев сенатта сөйлеген сөзінде.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Выбор редактора
Ошибка в тексте