Әлихан Смайылов БҰҰ Бас хатшысының орынбасарымен кездесті

Қазақстан БҰҰДБ-ның 2021-2025 жылдарға арналған жаңа Елдік бағдарламасын қолдайды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Алматы қаласында БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰДБ Әкімшісінің көмекшісі Уша Рао-Монаримен кездесуінде айтты, деп хабарлайды Үкіметтің ресми сайты.

Нью-Йорктегі БҰҰДБ Атқарушы агенттігінің кеңесшісі Дерек Пайпер, БҰҰДБ Еуропа және ТМД бойынша өңірлік бюросы директорының орынбасары Марина Уолтер мен БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Якуп Бериш қатысқан кездесу барысында БҰҰДБ-ның Қазақстандағы қызметі аясында ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері талқыланды.

Әлихан Смайылов өз сөзінде Қазақстан 1992 жылғы 2 наурызда, тәуелсіздік алғаннан кейін көп ұзамай БҰҰ-ға мүше боп кіргенін еске салды.

«Содан бері біз БҰҰ-ның қолдауын ұдайы сезініп келеміз, ал оның жаһандық саясаты мен бағдарламаларына қатысу – Қазақстанның сыртқы саясаттағы басымдықтарының бірі», - деді ҚР Премьер-Министрі.

Үкімет басшысының айтуынша, БҰҰДБ-ның Қазақстандағы қызметі айтарлықтай дәрежеде қоршаған ортаны қорғауға бағытталған. Осылайша, агенттіктің қатысуымен және қолдауымен Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында табиғатты қорғау жобалары іске асырылды, сондай-ақ жалпы ауданы 2 млн гектардан астам алты ерекше қорғалатын табиғи аумақ құрылды.

Премьер-Министр Қазақстан БҰҰДБ-ның 2021-2025 жылдарға арналған жаңа Елдік бағдарламасын қолдайтынын атап өтті.

«Бағдарлама «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасы аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айқындап берген елдегі жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және экономикалық реформалар тұрғысында өзекті болып табылады», - деді Әлихан Смайылов.

Өз кезегінде Уша Рао-Монари БҰҰ-ның Қазақстанның тұрақты дамуына қолдау көрсетуге дайын екенін растады.

Кездесу қорытындысы бойынша ҚР ҰЭМ мен БҰҰДБ арасында Тұрақты даму мақсаттары саласындағы 2030 жылға дейінгі күн тәртібін және БҰҰДБ-ның 2021-2025 жылдарға арналған Елдік бағдарламасын іске асыру аясындағы ниеттер туралы хаттамаға қол қойылды, ол Қазақстан мен БҰҰДБ арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге ықпал ететін болады.

 

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Выбор редактора
Ошибка в тексте