Жылдық инфляцияның базалық мөлшерлемемен бір деңгейге шығуы – еліміздегі монетарлық жағдайды жеңілдетуге мүмкіндік бермейді.
2022 жылдың маусымы бойынша отандық қаржы нарығындағы жекелеген индикаторларға қатысты кезекті зерттеу нәтижесін ортаға салған Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (ҚҚҚ) сарапшылары осындай түйін жасап отыр.
ҚҚҚ сараптамалық орталығының хабарлауынша, зерттеу барысында қаржы нарығындағы кәсіби ойыншылардың, яғни банк, сақтандыру, брокерлік ұйымдардың өкілдері мен сараптамалық және қазынашылық бөлімдер мамандарының пікірі ескерілген.
ҚҚҚ сарапшылары зерттеу қорытындысын былайша түйіндейді:
• Жылдық инфляцияның базалық мөлшерлемемен бір деңгейге шығуы (14%) маусым айында еліміздегі монетарлық жағдай әрі қарай күшейе түседі дегенді білдірмейді, бірақ бұл көрсеткіш ел ішіндегі қаржы-кредит жағдайын жеңілдетуге де мүмкіндік бермейді.
• ҚҚҚ сарапшылары маусым айында жүргізген сауалнама қорытындысы бойынша, нарық ішіндегі ойыншылардың басым бөлігі (64%-ы) Ұлттық Банк 6 маусымда жылдық базалық мөлшерлемені 14% деңгейінде сақтап қалады деген пікірде болды.
• Сауалнамаға қатысқан ойыншылардың қалған бөлігінің пікірлері төмендегідей: 14%-ы базалық мөлшерлеме төмендейді деп, 22%-ы – көтеріледі деп күтті.
• Әйтсе де алдағы 12 айға қатысты сарапшылар бірауыздан – базалық мөлшерлеме жылына 11,25% деңгейіне дейін (орташа мәнде алғанда) төмендейді деген пікір айтты. Олар, сондай-ақ бір жылдан кейін инфляция көрсеткіші 10,3%-ға дейін төмендейді деген сенімде (бұған дейінгі болжам 11,7% шамасында болатын). Жалпылай алғанда, отандық сарапшылардың инфляциялық пайым-болжамдары әлі де жоғары деңгейде қалып отыр.
• Ұлттық валюта бағамында байқалған соңғы тербелістерге қарамастан, отандық сарапшылар – қысқа мерзімді перспективада теңгенің ағымдағы деңгейінде айтарлықтай өзгеріс бола қоймайды деп есептейді (ағымдағы бағамға әрі кетсе +0,3% қосылуы ықтимал). Бірақ алдағы 12 ай орамында қарастырғанда, теңге біршама әлсіреп қалуы әбден мүмкін (ағымдағы бағамға +9,7% деңгейінде).
• Әлемдік шикізат нарықтарында қалыптасқан қолайлы бағалар мен фискалдық ынталандыру мүмкіндіктерінің артуы аясында, сол сияқты, Қазақстан мұнайын КҚК арқылы тасымалдау барысындағы қиындықтар мен Brent мұнайының бөлшек бағасына қатысты дисконт орнауы аясында (транспорт шығындары салдарындағы) – еліміздің ЖІӨ динамикасына берілген сарапшылар бағасы айтарлықтай өзгерген жоқ. Бұл тұрғыда отандық сарапшылар, 12 айдан кейін ел экономикасының өсу көрсеткіші 2,9%-ды құрайды деген болжам айтады (бұған дейінгі болжам 3,0% болатын).
ҚҚҚ материалдары негізінде
Вам может быть интересно: «Қырғызстан Президенті «Ақ кеме» мәрмәр шатырында Қасым-Жомарт Тоқаевты ресми қарсы алды»