Қазақстандық сарапшылар экономикалық өсу мен қоршаған ортаны қорғаудың тұрақтылығын жүзеге асырудағы аккредиттеудің рөлі мен маңызын талқыға салды, деп хабарлайды ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.
Дүниежүзілік аккредиттеу күніне орай 8 маусымда Елордада өткізілген «Аккредиттеу: экономикалық өсу мен қоршаған ортаның тұрақтылығы» тақырыбындағы басқосу барысында, сарапшылар экономикалық өсудің тұрақтылығы мен қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі мәселелерін, CORSIA бағдарламасын (Халықаралық авиация үшін көміртегі газының қалдықтарын өтеу және азайту жүйесі) іске асырудағы аккредиттеудің рөлі мен маңызын ортаға салды.
Айта кетейік, Қазақстанның авиация әкімшілігі CORSIA бағдарламасының пилоттық әрі бірінші фазасына ерікті түрде қатысатыны туралы 2019 жылы жария етті. Бүгінгі таңда аталған жобаға әлем бойынша 111 ел қатысып отыр.
ҚР ИИДМ ақпаратында көрсетілгендей, бүгінде отандық әуе компанияларынан алынған улы газ қалдықтарының көлемі туралы есепті Қазақстанның авиация әкімшілігі ICAO-ға (Халықаралық азаматтық авиация ұйымы) жібереді.
2019 жылы қазақстандық әуе компанияларына тиесілі болған газ қалдықтарының жалпы көлемі 832 026 тоннаны құраған. Ал 2020 жылы – 315 805 тоннаны, 2021 жылы шамамен 800 000 тоннаны құраған.
Қазіргі таңда ҚР әуе кеңістігін пайдалану туралы заңына халықаралық ұшуларды орындайтын операторлар үшін міндетті мониторинг, есептілік және верификация туралы түзетулер енгізу тұрғысында жұмыстар жүргізілуде.
Түзетулер мақұлданып, қабылданған соң, қазақстандық верификациялау органдары ІСАО аккредиттеуін алуы керек, өз кезегінде бұл отандық әуе компаниялары үшін верификациялау процесін едәуір жеңілдетпек. Сол сияқты, ҚР авиациясы үшін экологиялық стандарттар әзірленіп, енгізілуі тиіс. Бүгінде қажетті зерттеулер жүргізіп, стандарттарды енгізу тұрғысында ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен келіссөздер жүргізілуде, деп хабарлайды ИИДМ.
Авиацияның климатқа әсерін азайту жөніндегі ІСАО ұйымы қолға алған шаралардың ішіндегі CORSIA жүйесі – халықаралық рейстерді орындау барысында ұшақ отыны ауаға тастайтын CO2 эмиссиясын өтеу арқылы көміртекті бейтараптылық өсімін қамтамасыз етуге бағытталған.
Айта кету керек, климаттың жылынуы аясында 1,5 градус мақсатты көрсеткішті сақтау үшін көміртекті бейтараптылық аса қажет.
ҚР ИИДМ мәліметінше, қазірде адам қызметі нәтижесінде ауаға түсетін ғаламдық CO2 қалдығының 2%-дайы азаматтық авиацияға тиесілі. Авиация саласының экологияға, қоршаған ортаға әсерін ескере отырып, 2016 жылдың қазан айында ІСАО Ассамблеясы «халықаралық ұшулар нәтижесінде көміртегі газының жиынтық эмиссиясы көлемінің қандай да бір жылдық өсу проблемасын шешу» туралы қарар қабылдап, CORSIA жаһандық нарықтық тетігін бекітті.
Бұл тетікке сай халықаралық рейстерді орындайтын әуе кемелерін пайдаланушылар барлық бағыттағы халықаралық ұшулар бойынша СО2 қалдықтарына мониторинг жүргізуі тиіс.
Халықаралық рейстер туралы мәліметтерге сүйене отырып, CORSIA өтеу шараларын қолдануға мүмкіндік беретін базалық деңгейді анықтайды. ҚР ИИДМ ақпаратынша, CORSIA енгізудің үш кезеңі бар, оның ішінде алғашқы екі кезең ерікті болып табылады.
2027 жылдан бастап аталған бағдарлама барлық мемлекеттерді қамтитын болады.
Вам может быть интересно: «Автомобиль врезался в толпу в Берлине. Есть пострадавшие »