ИИДМ басшысы перспективалық инвестициялық жобаларға қандай өндірістер енгізілгенін айтты

 Бұдан бұрын да хабарланғандай, ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев импортқа тәуелді бағыттар бойынша импорттық өнімдер үлесін азайтуға бағытталған өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі жоспарлар туралы айтып берді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ҚР ИИДМ саланың жай-күйі мен даму перспективаларына терең талдау жүргізіп, импортты алмастыру, ішкі нарықты дайын өнімдермен қамтамасыз ету, сондай-ақ шикізат базасын, инфрақұрылымды және қазақстандықтардың кадрлық біліктілігін ескере отырып, экспорттық әлеуетті ұлғайту мүмкіндіктері зерделеген.

Осылайша, машина жасау (жыл сайынғы импорт $16,4 млрд), химия өнеркәсібі ($3,2 млрд), қара және түсті металлургия ($3,1 млрд), жеңіл өнеркәсіп ($2,2 млрд), құрылыс материалдары өндірісі ($1,4 млрд) сияқты бағыттар бойынша іске асырылып жатқан және перспективалық инвестициялық жобалардың шамамен 700-ден астам пулы жасалды.

Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, қара металлургия саласындағы импортты алмастыру аясында жалпы қуаты жылына 1,8 млн тонна өнім болатын 4 болат құю зауытын салу жоспарланып отыр. Ол болашақта жоғары сапалы болат импортын 76%-ға қысқартуға мүмкіндік береді.

"Елімізде болат құю өндірісін дамыту әлеуеті бар. Мысалы, 12,5 млн тонна темір кені концентратын болатқа қайта өңдеуге болады. Ол үшін 1 млн тонна болат шығаратын жаңа ірі болат құю зауыты қажет. Бұл 700 мың тонна арматураны импорттауға және автолист өндірісін жолға қоюға мүмкіндік береді", - деді ҚР ИИДМ басшысы.

Сондай-ақ, пулға Қарағанды облысында жалпы қуаты жылына 1 млн тонна өнім болатын жартылай кокс және арнайы кокс өндіретін 2 жаңа зауыт кірді. Өндіріс $330 млн көлемінде импортты толығымен алмастыруға мүмкіндік береді. Қосымша қара металлургияда 5 ферроқорытпа зауытын салу жоспарда бар.

Түсті металлургия саласында 2025 жылға дейін 12 негізгі жобаны іске асыру көзделген. Ең маңызды жобаның бірі - жыл сайын 830 мың тонна глиноземді өңдей алатын жаңа электролиз зауытын салу. Ол бастапқы алюминий экспорты көлемін 4 есеге, яғни жылына $1,2 млрд дейін ұлғайтады.
Қосылған құны жоғары тауарлар өндірісінде алюминийден өнім шығаратын (тамақ банктері, терезе профильдері, радиаторлар және т.б.) 6 негізгі жобаны іске асыру жоспарлануда.
Сондай-ақ, жаңа мыс балқыту, мыстан дайын бұйымдар (күштік кабельдер, созба сым және сымдар, мыс құбырлары мен түтіктер) шығаратын, қорғасын шикізатын қайта өңдейтін, жоғары сапалы аммоний перренаты мен ванадий пентаоксидін шығаратын зауыттар салу жоспарланған.
Машина жасау саласында автомобиль шиналарын, тұрмыстық техниканы, жеңіл және жүк автомобильдері шанақтарының штампталған бөлшектерін, сондай-ақ автобустарды, теміржол вагон-термостарын және т.б. өнімдерді өндіру бойынша 21 негізгі инвестициялық жобаны іске асыру қарастырылған.
Химия өнеркәсібінде 2025 жылға дейін кальцийленген сода, полипропилен, натрий цианиді және минералдық тыңайтқыштар өндірісін қоса алғанда, 18 негізгі жоба іске асырылуы тиіс.

Құрылыс материалдары өндірісінде $890 млн-ға импорттық өнімді алмастыратын, сондай-ақ экспортты $206 млн-ға ұлғайтатын 24 негізгі жобаны іске асыру көзделеді.

Керамикалық плиталар, автоклавты газоблок, жылу оқшаулағыш материалдар, сэндвич-панельдер сияқты тауар түрлері бойынша 100% импортты алмастыру жоспарланып отыр.

Бұдан басқа, құрылыс материалдары индустриясында бұрын-соңды елімізде өндірілмеген жаңа тауарлар: санфаянс, бөлмеаралық есіктер, ЛДСП және еден жабындары өндірісі жолға қойылады.

Жеңіл өнеркәсіп тақырыбына қатысты министр 2025 жылға дейін мақта өңдеу, иірімжіп, маталар мен тоқыма бұйымдарын отандық шикізаттан өндіру бойынша 7 негізгі жобаны жүзеге асыру жоспарланғанын хабарлады. Алдын ала есептеулер бойынша, бұл мақта өнімі импортын қазіргі бағамен алғанда $48 млн-ға азайтуға мүмкіндік береді.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Выбор редактора
Ошибка в тексте