Мемлекет басшысы Ғалымжан Пірматовқа бірқатар тапсырма берді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовты қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Мемлекет басшысына Ұлттық банктің 2022 жылғы 1-тоқсанда жүзеге асырған ақша-кредит саясатының алдын ала қорытындылары жөнінде, сондай-ақ қаржы және баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қабылданып жатқан шаралар туралы есеп берілді.
Президентке сыртқы және ішкі нарықтардағы ахуал жайында баяндалды. Ғалымжан Пірматов валюта нарығында қалыптасқан үрдістер, Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері мен Ұлттық қордағы активтердің жай-күйі туралы айтты.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа инфляцияның қарқыны, банк жүйесіндегі депозиттер құрылымының өзгеруі, зейнетақы активтерінің жағдайы мен төлем жүйесінің дамуы жөнінде мәлімет берілді.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырма берді.
Вам может быть интересно: «Алматыдағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде қала әкімдігін басып алуға қатысқан 2 шетелдік ұсталды»