Қазақстан делегациясы Израильде Smart-city технологиясын қолдану тәжірибесін зерттеді
Қазақстан Елшісі Сатыбалды Бұршақов Израиль СІМ жанындағы «MASHAV» халықаралық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі агенттігінің оқу курсынан өткен Ақтөбе қаласының әкімдігі, мәслихаты мен бизнес өкілдеріне сертификаттар тапсыру рәсіміне қатысты.
«Smart-city» бағдарламасы аясында делегация Израильдің технологиялық инновациялар, қоршаған ортаны сақтау, көлік, қалдықтарды бөлу және оларды өңдеу саласындағы тәжірибесін зерттеді.
Қазақстан делегациясы Израильдің ірі қалаларындағы диспетчерлік орталықтарға барып, дағдарыс кезінде қала шаруашылығын басқару әдістерімен, муниципалдық жедел желінің қызметімен, сондай-ақ муниципалдық электрондық деректер базасын жүргізумен және киберқауіпсіздік жүйесімен танысты.
«MASHAV» агенттігінің оқыту жөніндегі директоры, Израиль СІМ Елшісі Ирит Савион Агенттіктің Қазақстанмен табысты ынтымақтастығын атап өтіп, қазақстандық мамандардың біліктілігін жетілдіруге бағытталған жаңа жобалар дайындалатындығы туралы хабардар етті.
Елші «MASHAV» оқыту орталығының қызметін жоғары бағалап, жиналған қауымға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына жолдауының негізгі бағыттарымен таныстырып, сондай-ақ Қазақстанның Израильмен ынтымақтастығының жай-күйі мен келешегі туралы айтып берді.
Вам может быть интересно: «Алматыдағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде қала әкімдігін басып алуға қатысқан 2 шетелдік ұсталды»