Қазақстанда танымал тұлғалармен байланыстағы 55 майнинг фермасының жұмысы тоқтатылды
Қазақстанда 55 майнинг фермасының жұмысы тоқтатылды, деп хабарлайды ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, осы уақытта әлемде де Қазақстанда да қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі – криптовалюта өндіру, Криптовалюта Майнинг саласы.
Бұл саладағы заңсыз әрекеттер елдің экономикалық қауіпсіздігіне қауіп төндіретін белгілі бір тәуекелдердің пайда болуына әкелді.
Осылайша, қарапайым тұтынушылар мен кәсіпкерлерге электр энергиясын жеткізуде ақаулар мен тапшылық қаупі арта бастады.
Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қаржылық мониторинг агенттігі мемлекеттік органдармен бірлесіп майнинг фермаларының қызметіне кешенді тексерулер жүргізді.
«Жүргізілген алдын алу шараларының нәтижесінде 55 майнинг фермалары қызметін өз еркімен тоқтатты. Олар жұмысты толығымен тоқтатты, жабдықтарын бөлшектерді және оны орналасқан жерінен шығарды.
Мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, мұндай жабдықтарды қайта айналымға тартуға жол бермеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Өз қызметтерін тоқтатқан майнингтік компаниялардың қатарында Павлодар облысында танымал кәсіпкерлер Болат Назарбаев және Александр Клебановпен үлестес фирмалар бар.
Сондай-ақ, солардың арасында «QazaqGaz» ұлттық компаниясы» АҚ-ның Ақтөбе облысындағы бұрынғы басқарма төрағасы Қайрат Шәріпбаев және Қарағанды облысындағы танымал бизнесмендердің бірі Ерлан Нығматуллин болды»,-делінген хабарламада.
Сонымен қатар, 51 майнингтік ферманың заңсыз қызметінің жолы кесілді. Олар қызметтерінің басталғаны туралы уәкілетті органға хабарламаған немесе техникалық шарттарсыз энергиямен жабдықтау көздеріне заңсыз қосылды, арнайы экономикалық аймақтардың аумағына негізсіз орналастырылды, сондай-ақ салықтар мен кедендік төлемдерді төлеуден жалтарды.
Бүгінгі күні олардың барлығы электрмен жабдықтау көздерінен ажыратылған.
Мысалы, Қарағанды облысындағы «Сарыарқа» АЭА (арнайы экономикалық аймақ) аумағында майнингтік ферма заңсыз қызмет атқарды.
Бұл АЭА қызметінің басымдылығы жабдықтар өндірісіне, металлургия өнеркәсібі, құрылыс салаларына берілген.
Сондай-ақ, өндірістік қажеттіліктерге арналған электр энергиясын жұмсау, қайта сату фактілері анықталды.
Павлодар облысында жылыжай шаруашылығымен айналысатын екі компания үшінші тұлғаларға өзінің артық электр энергиясын майнинг үшін лицензиясыз сатты.
Заңсыз қызметті жүзеге асыратын майнингтік компаниялардың арасында Қазақстанның ең бай бизнесмендерінің бірі Қайрат Итемгеновпен үлестес фирмалар бар.
Бұдан басқа, заңсыз майнинг қызметін ішкі істер министрлігі департаментінің бұрынғы басшысы Тілеген Маткеновпен байланысты компаниялар жүзеге асырды.
Майнинг жабдықтары Қытай, Оңтүстік Корея, Сингапур, Түркия және Грузия елдерінен әкелінген болатын. Оларды әкелу контрабандалық тәсілмен жүзеге асырылды.
Осындай фактілердің бірі Алматы қаласында анықталды, Қытайдан 2,8 млрд теңгеге бір мыңнан астам майнингтік жабдық әкелінді.
Қаржы мониторингі агенттігі барлығы 25 қылмыстық істі тіркеді, құны 100 млрд теңгеге жуық 67 мыңнан астам жабдық тәркіленді.
Тұтастай алғанда, қабылданып жатқан шаралар электр энергиясын тұтынудың өсуін тежеуге ғана емес, сондай-ақ энергия қуатының босатылуына да ықпал етеді.
Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде елдегі электр энергиясын тәуліктік тұтынуы 600 Мегаватт/сағатқа төмендеді.
Айта кету керек, майнинг және сандық активтердің айналымын жеткілікті реттеудің болмауы қаржы жүйесіне және азаматтардың әл-ауқатына айтарлықтай қауіп төндіреді.
Крипто- ақша терроризмді қаржыландыру, қару-жарақ пен есірткі сатып алу құралы бола алады.
«Осы мән-жайларды ескере отырып, құрылған ведомствоаралық жұмыс тобы (қаржылық мониторинг агенттігінің, цифрлық даму, энергетика және қаржы министрліктерінің өкілдері) шеңберінде проблемалық мәселелерді заңнамалық реттеуге бағытталған жүйелі шешімдер әзірленуде.
Қаржылық мониторинг агенттігі Сіздерді сақ болуға шақырады. Егер Сіз заңсыз майнингтік қызметтің куәгері болсаңыз, бұл туралы жұмыс тобын сенім телефоны арқылы хабардар етуіңізді сұраймыз: 8 (7172) 708-478»,-делінген агенттік таратқан ақпаратта.
Вам может быть интересно: «Алматыдағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде қала әкімдігін басып алуға қатысқан 2 шетелдік ұсталды»