Қазақстан Ресейдің Сібір аймақтарымен ынтымақтастықты нығайтуда
Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшісі Ермек Көшербаев бастаған қазақстандық делегация «Сібір. Экономиканың болашағы» 18-ші Краснояр экономикалық форумы аясында пленарлық мәжіліске қатысты.
Іс-шара аясында бірқатар Сібір аймақтарының басшылығымен кездесулер өтті.
Краснояр өлкесінің губернаторы Александр Усспен келіссөздер барысында сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды одан әрі дамыту және тереңдету үшін айтарлықтай әлеует бар екені атап өтілді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша облыс пен республика арасындағы тауар айналымы шамамен 100 миллион АҚШ долларды құрады. Аймақ басшысы «Енисейская Сибирь» кешенді инвестициялық жобаны бірлесіп жүзеге асыру үшін қазақстандық бизнес пен инвестицияларды тартуға мүдделілігін атап өтті. Сондай-ақ екі жақты қажеттіліктерді ескере отырып, өнім түрлерін кеңейту жұмыстарын жандандыру туралы келісімге қол жеткізілді. Қазақстандық тұтынушылар машина жасау, металл өңдеу, ағаш өңдеу және химия өнеркәсібі өнімдерін жеткізуге мүдделі және өз кезегінде Краснояр өлкесін азық-түлік және ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуге дайын. Сонымен қатар, тараптар өзара туристік ағындарды дамытудың болашағын атап өтті.
Краснояр қаласының мэрі Сергей Ереминмен кездесуде мәдени-гуманитарлық және ғылыми-білім беру ынтымақтастығының тақырыбы талқыланды. 2021 жылдың желтоқсан айында қалада алғаш рет қазақтың домбыра мерекесі аталып өтті. Биыл «Азия – Сібір – Еуропа» камералық және оркестрлік музыканың ХХ халықаралық фестиваліне қазақ қобызшысы Ләйлә Тәжібаеваның қатысуы жоспарланған. Сонымен қатар, қазақстандық спортшылар Краснояр қаласында өтетін жарыстарға тұрақты түрде қатысады. Сондай-ақ, оқушылар арасында робототехниканы танымал ету саласындағы байланыстарды жолға қою ерекше орын алады. 2020 жылы Қазақстанның 30 жас инженері Краснояр қаласында өткен робототехникадан First Russia Robotics Chaimpionship бүкілресейлік чемпионатына қатысты.
Хакасия Республикасының басшысы Валентин Коноваловпен кездесуде ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, ғылыми, мәдени, спорт, туризм және басқа да салалардағы ынтымақтастықта үлкен әлеуеттің бар екені атап өтілді. 2022 жылы Хакасияда қазақстандық спортшылар, ғалымдар мен шығармашылық ұжымдар қатыса алатын бірқатар спорттық, ғылыми және мәдени іс-шаралар жоспарланған. Туризм саласындағы ынтымақтастық та келешегі зор бағыт болып табылады. Валентин Коновалов Ермек Көшербаевты 27-29 сәуірде Абаканда өтетін «Сибирь. Притяжение» ІІ халықаралық туристік форумына, сонымен қатар, 2022 жылдың маусым айында өтетін «Сибер ил» VIII халықаралық мәдени-туристік форумына қатысуға шақырды.
Вам может быть интересно: «Алматыдағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде қала әкімдігін басып алуға қатысқан 2 шетелдік ұсталды»