Сәкеев елордадағы және Ақмола облысындағы әлеуметтік нысандардың жұмысын тексерді

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Руслан Сәкеев жұмыс сапары барысында Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола облысындағы бірнеше әлеуметтік нысандарды аралап, көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасына ерекше назар аударды.

Руслан Сәкеев өзінің жұмыс сапарын елордадағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған «Үміт» дағдарыс орталығына (50 қызмет алушы) және егде жастағы азаматтар мен I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар тұратын «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығына (332 қызмет алушы) барудан бастады.

Сондай-ақ, вице-министр Ақмола облысында орналасқан 2 әлеуметтік нысанды аралады: 18 жастан асқан психоневрологиялық аурулары бар адамдар (370 қызмет алушы) қызмет алатын «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы және Қатаркөл кентінде орналасқан қарттарға, мүгедектігі бар адамдарға және мүгедектігі бар балаларға арналған оңалту орталығы (180 қызмет алушы).

Вице-министр барған әлеуметтік нысандардың қызметкерлеріне халықтың жекелеген топтарының өмір сүру сапасын арттыру үшін осындай орталықтар жұмысының маңыздылығын атап өтті.

«Өткен жылы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі Медициналық-әлеуметтік мекемелердің (бұдан әрі – МӘМ) қызметін регламенттейтін бірқатар бұйрықтарға өзгерістер енгізді. Атап айтқанда, барлық МӘМ-де онда тұратын адамдардың туыстары мен жақындарына жазбаларды қарау мүмкіндігін бере отырып, бейнебақылау камераларын орнату көзделген. МӘМ-де материалдық-техникалық қамтамасыз ету нормативтері жақсарды. Мүгедектігі жоқ адамдар үшін гигиеналық құралдар мен техникалық оңалту құралдарының ең төменгі нормаларының тізбесі ұлғайтылды. Бұдан басқа, МӘМ директорларын тағайындау кезінде оларға қойылатын біліктілік талаптары қайта қаралды. Бұл азаматтармен жұмыс істеуде үлкен тәжірибесі бар қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес және басқа да ұйымдардың басшыларын тарту арқылы өңірлердегі Кадрлық дағдарыс проблемасын шешуге мүмкіндік береді.

Өз кезегінде МӘМ басшылары халыққа сапалы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуді қамтамасыз етуі тиіс», – деп атап өтті Руслан Сәкеев.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша вице-министр мынадай тапсырмалар берді:

орталықтардың басшылығы көрсетілетін қызметті алушыларға арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсыну сапасын арттыруға бағытталған барлық қажетті шараларды қабылдасын;
арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін орталықтардың жұмысы барысында туындайтын проблемалық мәселелерді шешу бойынша ұсыныстар енгізу.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Выбор редактора
Ошибка в тексте