Қазақстан Елшісі Люксембург Ұлы Герцогіне сенім грамоталарын тапсырды
Қазақстан Елшісі Марғұлан Баймұхан Люксембург Герцогі Анриге сенім грамоталарын тапсырды. Тапсыру рәсімі Герцогтің ресми резиденциясы «Palais Grand-Ducal» сарайында өтті.
Салтанатты рәсімінен кейін Монархтың аудиенциясына қабылданған қазақстандық Елші екі мемлекет арасындағы екіжақты қатынастарды, Қазақстан - Еуропалық одақ және Орталық Азия - ЕО алаңдарындағы көптарапты ынтымақтастықтың болашағын талқылады. Қазақстандық дипломат елдегі қазіргі жағдай, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында бастамашылық еткен саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы айтып берді. Өз кезегінде Герцог Анри Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға және жағдайды тұрақтандыру жөніндегі шараларға қолдау білдірді. Ол Қазақстанның өңірлік өлшемдегі маңызды рөлін атап өтіп, қазақстандық және люксембургтік бизнес-қоғамдастық арасындағы белсенді ынтымақтастыққа үміт білдірді.
Сондай-ақ, сапар аясында Елші Қазақстанның Люксембургтегі Құрметті консулы Бенедикт Соботкамен кездесіп, оның барысында мәдени және сауда-экономикалық жобаларды ілгерілету бойынша екіжақты нақты іс-шаралар талқыланып, айқындалды. Кездесу қорытындысы бойынша 2022 жылға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарына қол қойылды.
29 маусымда Қазақстан мен Люксембург дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толады. Екі ел екіжақты ынтымақтастықты кеңейту және нығайту бағытында айтарлықтай қадамдар жасады. Ынтымақтастықтың қазіргі әлеуеті елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени байланыстарды арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Вам может быть интересно: «Оңтүстік өңірлердегі суармалы жерлер бойынша шаралар қабылданады — Үкімет»