Зейнетақы активтерін басқарушылардың 2021 жылғы жұмыс нәтижелері туралы
2021 жылғы қаңтардан бастап азаматтарға өздерінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін инвестициялық портфельді басқарушылардың (ИПБ) инвестициялық басқаруына беру үшін пайдалану құқығын беретін заңнамалық нормалар күшіне енді.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының жеткіліктілік шегінен асатын зейнетақы жинақтарын пайдалану тапсырмасын орындау үшін үш мақсатқа: тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделуге ақы төлеуге және жеке басқарушы компанияларға басқаруға беруге рұқсат етілген болатын. 2021 жылғы желтоқсанда көрсетілген баламаларға жеткіліктілік шегінен асатын зейнетақы жинақтарын Отбасы Банкіндегі депозиттерге аудару мүмкіндігі қосылды.
Зейнетақы активтерін жеке басқарушы компаниялардың басқаруына аудару опциясының аса танымал еместігіне қарамастан, Агенттік бұл мүмкіндікті салымшылардың инвестициялық мүмкіндіктерін қолдау және кеңейту тұрғысынан ғана емес, сонымен қатар бағалы қағаздар нарығының жалпы дамуы, қор нарығының тартымдылығын арттыру және Қазақстан азаматтарының инвестициялық мәдениетін дамыту тұрғысынан да маңызды қадам деп санайды.
Агенттік зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруға беруге болатын ИПБ-ға қойылатын талаптарды, сондай-ақ кәсіби қатысушылардың өздерінің инвестициялық саясатында жеткілікті икемді болуы үшін сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесін әзірледі, сонымен бірге инвестициялық басқару процесінің өзі заңнамалық түрде реттелді және ашық болды.
Ағымдағы жылдың басындағы жағдай бойынша зейнетақы активтерін басқаруға арналған талаптарға сәйкес келетін инвестициялық портфельді басқарушылардың тізіліміне мына алты инвестициялық компания кіреді: «First Heartland Jusan Invest» АҚ, «BCC Invest» АҚ, «Halyk Global Markets» АҚ, «Сентрас Секьюритиз» АҚ, «First Heartland Capital» АҚ және «Halyk Finance» АҚ. Бұл ретте «First Heartland Capital» АҚ және «Halyk Finance» АҚ қазіргі уақытта белгіленген талаптарға сәйкес келетініне қарамастан қызметтің осы түрін жүзеге асырмайды.
Олардың басқаруындағы зейнетақы активтері 7,52 млрд теңгені құрады, олар ағымдағы сәтте мынадай түрде инвестицияланды: 30%-ы мемлекеттік бағалы қағаздарға (ҚР Қаржыминінің МБҚ және ҚҰБ ноттары) (2,22 млрд. теңге), 25%-ы кері РЕПО операцияларына (1,85 млрд теңге), 19%-ы пайларға (ETF) (1,44 млрд теңге), 13%-ы корпоративтік облигацияларға (0,95 млрд теңге), 6%-ы акцияларға және депозитарлық қолхаттарға (0,42 млрд теңге), 9%-ы басқа құралдарға (0,64 млрд теңге).
Сонымен қатар БЖЗҚ-ның зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беруі біртіндеп жүргізілгенін атап өткен жөн. Мысалы, «Сентрас Секьюритиз» АҚ бұл процеске сәл кейінірек – 2021 жылғы сәуірде қосылды.
2021 жыл ішінде жоғарыда аталған компаниялар өздерінің инвестициялық портфельдерін қалыптастырды, Қазақстан азаматтары үшін барынша түсінікті және үйреншікті мақсаттарға, мысалы, тұрғын үй жағдайларын жақсартуға жинақтарын алуға баламамен, сондай-ақ инвестициялық портфелі анағұрлым көп БЖЗҚ-мен бәсекелесуге тырысты.
ИПБ-ның инвестициялық қызметі нәтижесінде 2021 жыл ішінде барлық ұсынылған компаниялар бойынша жалпы орташа алынған жинақталған кірістілік 8,36%-ды құрады, бұл БЖЗҚ инвестициялық басқару нәтижелерінен сәл (0,91%-ға) төмен болды. Бұл ретте басқарушылар арасында БЖЗҚ-мен салыстырғанда неғұрлым жоғары кірістілікті көрсете алған компаниялар да бар.
БЖЗҚ-ға қарағанда біршама жоғары нәтижелер көрсеткен жалғыз басқарушы компания «Сентрас Секьюритиз» АҚ болып табылады, оның есепті кезеңде жинақталған кірістілігі 9,37% деңгейінде қалыптасты.
Зейнетақы активтері бойынша ИПБ-ның кірістілігі 2021 жылғы наурыз - желтоқсан аралығындағы кезеңдегі жұмыс нәтижелері бойынша 8,08%-дан 9,37%-ға дейінгі аралықта қалыптасты.
ИПБ кірістілігінің әртүрлі деңгейі әрбір компанияның зейнетақы активтерін инвестициялаудың өз стратегиясы бар екендігімен түсіндіріледі, бұл басқарушы компанияны таңдау кезінде салымшы үшін артықшылық болып табылады. Біз жеке басқарушы компаниялардың одан әрі дамуына қарай олардың арасындағы бәсекелестік өседі деп күтеміз, бұл олардың нәтижелеріне оң әсер етеді.
Зейнетақы активтері 2021 жылғы наурыздан бастап іс жүзінде басқаруға қабылданғанын назарға ала отырып, жеке инвестициялық басқарушылардың басқару тиімділігі мен сапасын неғұрлым репрезентативтік бағалау зейнетақы активтерін инвестициялық басқарудың толық 12 айының қорытындысы бойынша мүмкін болады.
Вам может быть интересно: «Қазақстан байлығының тең жартысы бар-жоғы 162 адамға тиесілі – Тоқаев»