Жанармай өндіру жұмыстары бір жолға қойылмаса, бағаны реттеу жалғасады

Жанар-жағармай өндіру саласындағы жұмыстар 6 айдың ішінде бір жолға қойылмаса, бағаны қолдан реттеу жалғасады. Бұл туралы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәжіліс отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Жылдан жылға біздің азаматтар мен кәсіпкерлеріміз жанар-жағармай өндіру және оны бөліп тарату жүйесінің ашық болмауынан зардап шегіп келеді. Тіпті жанар-жағармай бағасын жарты жыл бойы қолдан реттеуге мәжбүр болып отырмыз", - деді президент.

Осы кезеңде бас прокуратура бәсекелестікті қорғау агенттімен, сондай-ақ энергетика министрлігімен бірлесіп, осы саладағы жұмыстарды ретке келтіруге, оны реформалау үшін кешенді ұсыныстар әзірлеуге тиіс.

Егер бұл жұмыс бір жолға қойылмаса, жанар-жағармай бағасын реттеу жүйесі сақталады.

Айта кетері, Қазақстанда газ, бензин мен дизель отынының бағасына уақытша – 180 күнге мемлекеттік реттеу енгізілді.

Қосылған құн салығын ескере отырып, бензинді бөлшек саудада өткізуге мынадай шекті бағалар белгіленді:

АИ-80 – литрі 89 теңге
АИ-92 және АИ-93 – литрі 182 теңге
АИ-95 – литрі 215 теңге
Дизель отынының шекті бағасы:

Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында – 260 теңге.

Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Түркістан облыстарында – литрі 230 теңге.

Сонымен қатар үкімет көлікке құятын сұйытылған мұнай газының шекті бағасын бекітті.

Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарында газ бағасы литріне 50 теңге (шалғай аудандарда (200 шақырымнан астам) – 55 теңге);

Шымкент, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Түркістан облыстарында – литріне 60 теңге (шалғай аудандарда 65 теңге).

Алматыда бағасы литріне 65 теңге;

Нұр-Сұлтан, Ақмола, Алматы, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында литріне 70 теңге (шалғай аудандарда 75 теңге).

Сондай-ақ мемлекет басшысының тапсырмасымен Жаңаөзен қаласында жаңа газ өңдеу зауытының құрылысына дайындық жұмыстары жеделдетілді.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Выбор редактора
Ошибка в тексте