Елордалық ӘКК жыл қорытындысын шығарды

2021 жылы елордалық ӘКК инвестициялық жобалар бойынша 119 шарт жасасты, ӘМАТ бағасын тұрақтандыру үшін 14 қарыз берді, коммерциялық қызметті жүргізу үшін 32 жер учаскесін жалға берді, алғашқы жыл бойғы ауыл шаруашылық жәрмеңкесін ашты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА «Astana» ӘКК» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Astana» ӘКК» АҚ қызметінің негізгі бағыттарының бірі – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасын ұстап тұру. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі жанындағы Комиссияның шешімімен елордалық тұрақтандыру қоры азық-түлікті қоймаларда сақтау механизмінен «айналым тетігіне» көшті. Бұл механизм бойынша 0,01% сыйақы мөлшерлемесімен жеңілдетілген қарыз беру қарастырылған.

2021 жылдың қорытындысы бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне 14 жеңілдікті кредит берілді. Осы қарыздар бойынша 35 мың тонна азық-түлікке келісімшарт жасалды. Бағасы тұрақтандырылған өнімдерді сату қала бойынша 400 дүкенде жүзеге асырылады. Бұл несиелер ӘМАТ-тың барлық 19 атауына бағаны тұрақтандыруға көмектеседі.

ШОБ-ты қолдау және дамыту мақсатында елордалық ӘКК 2016 жылдан бері «1000 орын – Көше саудасы» жобасын іске асырып келеді. Жобаның ерекшелігі – жер телімі үшін төленетін жалдау ақысының төмендігінде. Мысалы, Есіл ауданындағы ауданы 15 ш.м. жер теліміне кәсіпкер жылына 360 000 теңге төлейді. Биыл ӘКК жалпы ауданы 386 шаршы метр болатын 32 учаске берді, 2021 жылы жобаны іске асыру 96 астаналық тұрғынды жұмыспен қамтамасыз етуге көмектесті.

2021 жылы тұрғын үй кешендерін, коммерциялық және әлеуметтік объектілерді салу үшін ӘКК елордаға 1,09 трлн. тенге инвестиция тартты. Бұл объектілерді салу үшін инвестициялық 119 шарт жасалды.

Тәуелсіздік күніне орай елордада бірінші және әзірге жалғыз жыл бойғы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі жұмыс істей бастады. Пригородный тұрғын алабында орналасқан, ауданы 7000 ш.м. жәрмеңке 150 кәсіпкерге бір жерде сауда жүргізуге мүмкіндік береді. Жәрмеңкедегі бағалар нарықтық бағадан 15-20%-ға төмен. ӘМАТ тізіміндегі өнімдерден басқа, мұнда азық-түлік тауарларының барлық түрлері ұсынылған: сүт, ет өнімдері, жемістер, көкөністер, жұмыртқа, жарма, нан, азық-түлік өнімдері және т. б.

«Astana» ӘКК» АҚ баспасөз қызметінің айтуы бойынша келесі жылы тұрақтандырылған өнім көлемін көбейтіп, бұл өніммен астаналықтарды барынша қамтамасыз ету, көше саудасын насихаттау, елордаға инвестицияларды ұлғайту, шағын және орта бизнесті қолдау және дамыту бойынша жұмыстарды жалғастыру жоспарлануда.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Выбор редактора
Ошибка в тексте