Тәуелсіздік күніне орай Қазақстан Президентінің атына келіп түскен құттықтау жеделхаттары
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай шет мемлекеттердің басшыларынан және халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау хаттары мен жеделхаттар келіп түсуде.
Ресей Президенті Владимир Путин өзінің жеделхатында Мемлекет басшысын Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтап, Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік, ғылыми-техникалық және басқа да көптеген саладағы қол жеткізген табыстарын атап өткен. Ресей Президенті еліміздің әлемдік аренадағы жоғары беделіне ерекше тоқталған.
– Мемлекеттеріміз арасындағы қарым-қатынастар стратегиялық серіктестік пен одақтастық негізде қарқынды дамып келеді. Түрлі саладағы екіжақты ынтымақтастық, сондай-ақ ЕАЭО, ҰҚШҰ, ТМД, ШЫҰ, БҰҰ сияқты халықаралық құрылымдар аясындағы өзара іс-қимылдарымыз өз нәтижесін беруде. Бірлескен күш-жігер арқылы біз достас халықтарымыздың игілігі жолында, сондай-ақ Еуразия құрлығындағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Ресей мен Қазақстан арасындағы байланыстарды дәйекті түрде дамытатынымызға сенімдімін, – делінген Владимир Путиннің жеделхатында.
ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин өзінің құттықтауында Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Қазақстан мемлекеттің мүлде жаңа келбетін қалыптастырғанын, әлемдегі озық дамыған 30 елдің қатарына кіру үшін нық қадам басып келе жатқанын жазған.
– Мен Қытай-Қазақстан қарым-қатынастарының дамуына ерекше мән беремін. Сізбен бірге Қытай мен Қазақстан арасындағы дәстүрлі достықты нығайтуға, екі елдің стратегияларын ұштастыруға, мәңгі жан-жақты стратегиялық әріптестік қатынастарды екі мемлекеттің және олардың халықтарының игілігі үшін жаңа деңгейге көтеруге дайынмын, – делінген жеделхатта.
Вам может быть интересно: «Алматыда карантин талаптары жеңілдетілді »