Әскери полиция органдарына жаңа міндеттер жүктелмек

Қорғаныс министрлігі әзірлеген «Әскери полиция органдары туралы» заң жобасы заңнама актілеріне түзетулер енгізу үшін Парламент Мәжілісінің қарауына жіберілді.

Заң жобасын қабылдаудың мақсаты – әскери полицияның мәртебесін анықтап, Қарулы Күштердегі құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған өкілеттіктерді кеңейте отырып, олардың қызметін заңмен реттеу.

Осы Заң жобасы арқылы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери полиция органдарына әскери қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ұйымдастыруды ведомстволық бақылау функциясын беру қарастырылып отыр.

Өзгерістер қабылданғаннан кейін әскери полицияның әскери қызметшілері өткізу және объектінің ішіндегі режимді қамтамасыз етіп қана қоймай, Қорғаныс министрлігінің объектілерінде әскери қызметшілер мен азаматтық персонал адамдарының құжаттарын тексеруді де жүзеге асыратын болады. Оларға сондай-ақ әскерлер қатысатын бұқаралық іс-шараларды өткізу кезінде қауіпсіздік пен режимді жүзеге асыру, сондай-ақ құқыққа қарсы іс-әрекеттерді тіркеу үшін бейнетіркегіштер мен жетондарды пайдалану жөніндегі функциялар белгіленіп берілген.

Бұдан бөлек, заңда әскери қызметтің, әскерлер қызметінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, диверсияға қарсы және қорғаныс объектілерін терроризмге қарсы қорғау мәселелері бойынша Қарулы Күштер мен басқа да әлеуетті құрылымдардың қызметін үйлестіруге әскери полицияның қатысуы регламенттелген.

Жұмыс барысында ілеспе заңнамалық актілерге де өзгерістер енгізіледі. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне «әскери полиция органдарының қызметкері» терминін «әскери полиция органдарының әскери қызметшісі» деп түзету де көзделген.

Бұл құжат «Әскери полиция органдары туралы» заң қарастырылған нормаларды іске асыру, олқылықтар мен қайшылықтарды жою мақсатында әзірленді.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Выбор редактора
Ошибка в тексте