Павлодар облысының келесі жылғы бюджеті әлеуметтік бағытталуын сақтап қалады
Өңірлік мәслихаттың депутаттары 2022 жылға арналған облыстық бюджетті бекітті. Оның 53%-ан астамы әлеуметтік саланың қажеттіліктеріне бағытталды.
Павлодар облысының келесі жылға арналған бюджетінің жобасын өңірлік мәслихат сессиясында экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук ұсынды. 2022 жылға арналған бюджеттің көлемі 346 миллиард теңгені құрайды, оның 110 миллиарды - республикалық бюджеттен берілетін трансферттер. 184 миллиард теңге немесе бюджеттің жалпы көлемінің 53,1% - ы әлеуметтік саланы дамытуға бағытталады.
- 143 миллиард теңге білім беру жүйесін дамытуға жұмсалады, - деді баяндамашы. - «Заманауи мектеп» және «Ауыл - Ел бесігі» бағдарламаларының шеңберінде 5,8 миллиард теңгеге 32 мектепті жаңғырут жұмыстарын жүргізу көзделуде. Оқу мекемелерінде бейнебақылау камераларын, дабыл нүктелерін, турникеттер орнату және күзет қызметімен қамтамасыз ету жалғасады.
Павлодардағы оқушылар санының артуына байланысты үш мектептің құрылысын бастау жоспарланып отыр.
Келесі жылы денсаулық сақтау жүйесіне жұмсалатын шығындар 8 миллиард теңгені құрайды. Дәрігерлер тапшылығын азайту үшін 318 студент облыс әкімінің білім гранты есебінен медициналық оқу орындарында оқуын жалғастырады. Сонымен қатар, Павлодарда болашақ дәрігерлер үшін жатақхана ғимаратының реконструкциясы жоспарлануда.
Әлеуметтік қорғау саласына келетін болсақ, оған 2022 жылы 13 миллиард теңге бағытталады. Республикалық бюджеттен бөлінетін қаражатты ескере отырып, ерекше қажеттіліктері бар 5 мыңнан астам адам 1,6 миллиард теңгеге жуық сомаға түрлі қызметтер алады. Аутизм және психикалық ауытқулары бар балалар үшін жаңа оңалту орталығын ашу да жоспарда бар.
- Спорт пен мәдениетті дамытуға 14 миллиард теңге жоспарланған, - деп атап өтті Ирина Назарчук. - Жаңа басымдық балалардың спорттық үйірмелерге қатысуы үшін жан басына қаржыландыру болып табылады. 10 мыңға жуық бала спорттық және шығармашылық мемлекеттік тапсырыспен қамтылады. Бұл мақсатқа 1,2 миллиард теңге қарастырылған.
Келесі жылы жолдарды жөндеуге және күтіп ұстауға 7,4 миллиард теңге бөлінеді. Облыстық және аудандық маңызы бар трассаларда ұзындығы 225 шақырым болатын 19 учаскені жөндеу жоспарлануда. Сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге 16,4 миллиард теңге бөлінеді. Осы ақшаға 14 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда, олардың 5-і - өткен жылдан ауысатын өтпелі жобалар, ал 9-ы - жаңа жобалар. Павлодардағы 150 ауланы және Екібастұздағы 11 аулаішілік аумақты абаттандыру үшін 4 миллиард теңге қарастырылған. «Ауыл - Ел бесігі» жобасы есебінен ауылдық аймақта 5,8 миллиард теңгеге 57 жоба жүзеге асырылады. Жаңғырту жұмыстары 13 мың адам тұратын 15 ауылды қамтиды.
Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов облыстық бюджет мемлекеттік бағдарламалардың ұлттық жобаларға трансформациялануын есепке алу арқылы құрастырылғанын еске салды. Бұл жұмыстың басты міндеті барлық өңірлер экономиканы дамытудың шынайы драйверлеріне айналдыру болып табылады.
- Мен депутаттардың мемлекеттік бағдарламаларды ұлттық жобаларға ауыстыруды қолдағанын және оларды іске асыру кезінде қандай да бір ауытқуларды дереу көрсеткенін қалаймын, - деді аймақ басшысы халық қалаулыларына. - Бұл жекелеген аудандардың дамуындағы сәйкессіздіктерді жоюға мүмкіндік береді. Жаңа бюджеттің негізінде мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындау айқын көрінеді. Егер 2021 жылы бюджет 51%-ға әлеуметтік бағдарланған болса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 53%-ды құрайды. Бюджеттің әлеуметтік құрамдас бөлігін ұлғайту біз үшін сөзсіз басымдық болып табылады.
Облыстық мәслихат депутаттары бюджет жобасын қолдап, оны бірауыздан бекітті. Сонымен бірге, олар облыстың басқару схемасындағы өзгерістерді келісті. 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап жерді пайдалану мен қорғауды бақылау функциялары жергілікті деңгейден орталық деңгейге өтетінін ескере отырып, облыстық қала құрылысы және жерді бақылау ведомствосы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы деп аталатын болады. Бұдан бөлек, өңірдегі туризмді дамыту жөніндегі функциялар кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына беріледі. Сондықтан туризм мен спортты дамыту ведомствосы дене шынықтыру және спорт басқармасы деп аталады. Бұл өзгерістердің барлығы бюджеттен қосымша шығындарды талап етпейді.
Вам может быть интересно: «Алматыда карантин талаптары жеңілдетілді »