Неміс сарапшылары конфессияаралық және этносаралық дамудың қазақстандық моделін бағалады
Қазақстан Республикасының Германиядағы Елшілігі Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының қолдауымен бейнеконференция форматында «Бейбітшілік пен келісім үшін конфессияаралық диалог» атты дөңгелек үстел өткізді.
Талқылауға ҚР Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігі Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Бәкіров, ҚР Парламенті Сенаты жанындағы Сенаторлар Кеңесінің депутаты, «Бейбітшілікке мәдениет арқылы» халықаралық ассоциациясының президенті Төлеген Мұхамеджанов, ГФР Сыртқы істер министрлігінің халықаралық саясаттағы дін істері департаментінің басшысы Эбба Шоль, «Ғылым және саясат қоры» неміс аналитикалық орталығының профессоры Сабина Ридель, сондай-ақ бірқатар сарапшылар, журналистер, Қазақстан мен Германияның үкіметтік емес құрылымдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері қатысты.
Өз сөзінде Қазақстанның Германиядағы Елшісі Дәурен Кәріпов еліміздегі этносаралық және конфессияаралық толеранттылық дәстүрлеріне тоқталып, мемлекеттің діни нормаларды сақтауды қамтамасыз етудегі азаматтардың бостандықтары бойынша тұрақты жұмысының негізгі бағыттарын түсіндірді. «Еліміздің өмірінің барлық салаларында жүргізіліп жатқан реформалар қоғамды түбегейлі өзгертті – біз тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын қуатты мемлекет, біртұтас халық болып тойлап жатырмыз. Осы уақыт ішінде біздің республика саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуда, сондай-ақ өзінің бай рухани және мәдени мұрасын жаңғыртуда елеулі табыстарға қол жеткізді», - деді дипломат.
Өз кезегінде Орталықтың Басқарма төрағасы Болат Сәрсенбаев неміс діни бірлестіктері өкілдерінің қатысуымен 2003 жылдан бастап Нұр-Сұлтан қаласында өткізілетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі сияқты маңызды және беделді алаңның Қазақстанда және бүкіл әлемде конфессияаралық диалогты нығайтудағы рөлін ерекше атап өтті.
Діни сенім бостандығын қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясаттың арқасында Қазақстан 18 конфессия мен 100-ден астам этнос өкілдерінің 3800-ден астам діни бірлестіктері үшін қауіпсіз және жайлы мекен.
Талқылау барысында шақырылған сарапшылар ұлттық бірегейлік, дінаралық және мәдениетаралық қарым-қатынас сияқты тақырыптар бойынша пікір алмасты, сондай-ақ Германиядағы мемлекет-шіркеу қатынастарының тарихын қазіргі қазақстандық қоғамдағы және басқа елдердегі даму үлгілерімен салыстырды.
Атап айтқанда, С.Ридель мен Германияның Шығыс Еуропа және халықаралық зерттеулер орталығының зерттеушісі Б.Эшмент Қазақстанның әртүрлі этноконфессиялық топтары арасындағы берік қазақстандық бірегейлігі мемлекеттің зайырлы сипатына, діни ұйымдардың қаржылық тәуелсіздігіне, өзара құрметке, плюрализмге және толеранттылыққа негізделген конфессияаралық және этносаралық диалогтың маңыздылығы туралы ортақ пікірге келді.
Өзінің соңғы зерттеулерінің нәтижесін Б.Ешмент «Дінге қатысты мәселелер жеке мәселе ретінде қарастырылғанына қарамастан, әртүрлі этнос өкілдері өздерін қазақстандықпыз деп санайды», - деп түйіндеді.
Елшіліктің дөңгелек үстелі Қазақстан басшылығының Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлер съезінің мақсаттарын ілгерілету жөніндегі бастамаларын жүзеге асыруды қолдау мақсатында ұйымдастырылды. Съездің келесі VII отырысы 2022 жылғы 14-15 қыркүйек аралығында Нұр-Сұлтан қаласында «Пандемия жағдайында қоғам мен мемлекеттердегі бейбітшілікті, келісім мен бірлікті нығайтудағы әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Cъезінің рөлі» тақырыбында өтеді.
Вам может быть интересно: «Алматыда карантин талаптары жеңілдетілді »