Елордалық ардагерлер орталығында үйірмелерге қатысатын қариялар саны артып келеді

Елордалық зейнеткерлерге өнердің түр-түрін үйренуге мүмкіндік туды. Бас қалада ардагерлер орталығы ашылғалы қариялар үйде бос отырмайды. Аптасына бес күнін білім алып, өнер үйренуге арнайтындар бар, деп қала әкімдігінің ресми сайты "Хабар24"-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Орталықта бірі домбыра тартып, ән шырқауға құштар болса, енді бірі йогамен айналысып, дене шынықтыруға барып жүр.

Бақыт әжей бұл орталыққа келгелі бірнеше үйірмеге қатар жазылыпты. Жас кезінде домбыра шерту арман болыпты. Сондықтан қазір нота жаттап, күй ойнауға талпынып жүр. Өнер, білімді меңгеру ешқашан кештік етпейді, дейді.

"Алдымен домбыра үйренуден бастадым. Надежда деген ұстазымыз бар. Басында өзге ұлт өкілі бізге домбыраны қалай үйретеді дегенбіз. Алайда, нәтижеміз өте жақсы. Екі-үш айдың ішінде Ахмет Жұбановтың «Би» күйін үйреніп қалдық", – дейді зейнеткер Бақыт Қалибекқызы.

Орталыққа келетін қариялар өнердің түр-түрін игеруге асық. Мүнда ардагерлердің тынығып, шығармашылықпен айналысуына барлық жағдай жасалған. Бірі шахмат ойнап жарысса, енді бірі тоқыма тоқудың қыр-сырын үйренеді. Вокалға қатысып, әдемі ән шырқап, жаттығу залында дене шынықтырады. Компьютердің де тілін меңгереді.

"Шахмат, Тоғызқұмалақ, ағылшын, қазақ тілдері және компьютер курстары бар. Музыка жағынан хор, домбыра, вокал, спорт жағынан фитнес, йога, би, тренежер зал, соларымыз бар. Сабақтан басқа бізде іс-шаралар өтеді", – дейді орталықтың офис менеджері Зүлфия Қабидуллинова.

Ардагерлер орталығында 15 түрлі үйірме бар. Зейнеткерлер бұл үшін ақы төлемейді. Бәрі тегін. Ашылғанына көп бола қоймаса да келушілер қатары күн санап артқан. Бұдан былай түрлі қалалық іс-шараларға қатысып, өскелең ұрпаққа үлгі көрсетпек.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Выбор редактора
Ошибка в тексте