Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында ерекше қажеттілігі бар жандарды әлеуметтендіру үшін «Qanattylar» инклюзивті театры ашылғанын мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Біз ерекше қажеттілігі бар қала тұрғындарына толық қолдау көрсетуге тырысамыз. «Жастар» театрында «Qanattylar» инклюзивті театры ашылды. Инклюзивті театрдың артықшылығы – ерекше қажеттілігі бар адамдарды әлеуметтендіру, олардың әлеуетін ашу, шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік беру. Олар өткізілген сабақ есебінен де өзіндік оңалту алады.
Осылайша, сахнада көру, есту, сөйлеу проблемалары бар адамдар, сондай-ақ арбамен жүретін адамдар өнер көрсетеді. Театр базасындағы ерекше адамдар сахналық өнермен, хореографиямен айналысады, мәдени іс-шараларға белсенді қатысады.
Осындай инклюзивті театр ашу ұсынысымен маған Арнұр Ысқақов жүгінді, ол мүмкіндігі шектеулі адамдардың проблемалары туралы жақсы біледі. Бұл идеяны қолдап, жүзеге асыра бастадық. Біз үшін ерекше қажеттілігі бар қала тұрғындарын оңалту және әлеуметтендіруге жағдай жасау өте маңызды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша оңалту орталықтарының желісі едәуір кеңейтілді, жаңа үйлердің бірінші қабаттарында әлеуметтік нысандар (оңалту орталықтары) ашылуда. Осы жылдың жазында көру қабілеті бұзылған балаларға арналған балабақша ашылды (Сарыарқа ауданы, Кенесары көшесі 9/1). Сондай-ақ, паралимпиадалық жаттығу орталығымен бірлесіп, ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған спорт кешенін саламыз», – деп жазды елорда әкімі.
Вам может быть интересно: «ҚР Президенті Кореяның ұлттық батыры Хон Бом Доның құрметіне орай өткен рәсімге қатысты»