Азық-түлік бағасы өсіп жатыр – қыркүйекте инфляция жеделдеді

Қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша республикада инфляция өсті. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Көкөніс бағасының 8,7%-ке және жеміс бағасының 2,4%-ке маусымдық төмендеуіне қарамастан, Қазақстанда инфляция 8,9%-ке жетіп, жылдамдауын жалғастырды», - деді Досаев үкімет отырысында.

Айтуынша, монетарлық емес факторларды тұрақтандыру үшін биыл қыркүйекте үкімет әкімдермен бірлесіп инфляцияға қарсы ден қою шаралары кешенін іске асыра бастады. Соның нәтижесінде әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлары бағасы тамыздағы ең жоғары 10,4%-тен қыркүйекте 9,6%-ке дейін төмендеген.

Алайда қазанның бірінші аптасының қорытындысы бойынша баға тағы да өсіп, жыл басынан бері 9,9%-ті құрады.

Әлеуметтік маңызды азық-түліктің қымбаттауына жұмыртқа, тауық еті, қырыққабат, қант пен сиыр еті бағасының өсуі әсер етті.

«Қыркүйекте дизель отынының бағасы 3,8%-ке өсті, ал жекелеген облыстарда 10%-тен асты. Өндірістің ұлғаюы мен экспорттың тоқтауына қарамастан, дизель отынының тапшылығы байқалуда. Бұл инфляциялық қысымды күшейтіп, басқа тауарларға жанама әсер етіп жатыр», - деді Досаев.
Ұлттық банк төрағасы өткен айда 17 өңірдің 13-інде жылдық инфляция жеделдегенін мәлімдеді. Алты облыста инфляция 9%-тен асқан.

Досаев инфляцияны «ұстап тұру» үшін өңірлік нарықтарда бағаны тұрақтандырып, тауарлар тапшылығына жол бермеу керек екенін айтты.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Выбор редактора
Ошибка в тексте