ВАК карантин режимін жеңілдету жөніндегі бірқатар шешімді мақұлдады
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен ҚР аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия (ВАК) отырысы өтті.
Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына байланысты ВАК карантиндік режимді жеңілдетуге қатысты бірқатар шешімді мақұлдады.
1. 2021 жылғы 28 тамыздан бастап:
- «Ashyq» жобасына қатысатын барлық бизнес объектілеріне демалыс күндері сағат 24:00-ге дейін, «Ashyq» жобасының көшбасшыларына – «Ashyq» қосымшасы арқылы расталған қызметкерлер мен келушілердің «жасыл мәртебесі» (вакцина алғандар, 7 күннен кем емес теріс нәтижесі бар ПТР тестінің болуы) болған жағдайда сағат 02:00-ге дейін жұмыс істеуіне рұқсат;
- сенбі күні – қоғамдық көлік қызметіне рұқсат беріледі.
2. Осы жылғы 30 тамыздан бастап жұмыс күндері:
- «Ashyq» жобасына қатысатын барлық бизнес объектілерінің жұмыс уақыты 22:00-ден 24:00-ге дейін, «Ashyq» жобасы көшбасшыларының жұмыс уақыты 24:00-ден 02:00-ге дейін ұзартылды.
Бұл ретте эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, Алматы қаласында карантиндік шаралардың жеңілдетілуін демалыс күндеріне биылғы 4 қыркүйектен бастап, ал жұмыс күндеріне биылғы 6 қыркүйектен бастап енгізу жоспарлануда.
Сондай-ақ ВАК-та жаңа оқу жылына дайындық мәселесі қаралды. Премьер-Министрдің орынбасары осы жылғы тамыз айының соңына дейін орындау үшін келесі тапсырмаларды берді:
- медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдарды қоспағанда, педагогтер мен техникалық персоналды вакциналауды аяқтау;
- санитариялық талаптарға сәйкес мектептердің толық дайындығын қамтамасыз ету;
- педагогтар, қызметкерлер және ата-аналар үшін барлық білім беру ұйымдарында «Ashyq» жүйесінің жұмысын қамтамасыз ету; білім беру ұйымдарын оқулықтармен, оқу-әдістемелік кешендермен 100% қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау; мектептерде күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын аяқтау. ВАК отырысында Премьер-Министрдің орынбасары басқа да бірқатар тапсырма берді.
Дереккөз: https://primeminister.kz/kz/news/vak-karantin-rezhimin-zhenildetu-zhonindegi-birkatar-sheshimdi-makuldady-2574653
Қолданылған материалдарға міндетті түрде primeminister.kz сайтына гиперсілтеме берілуі тиіс.
Вам может быть интересно: «Алжир разорвал дипотношения с Марокко»