Асқар Мамин РФ Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинмен келіссөз жүргізді

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Қазақстанға жұмыс сапарымен келген РФ Үкіметінің Төрағасы Михаил Мишустинмен келіссөз жүргізді. Кездесу «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) алаңында өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат primeminister.kz сілтеме жасап.

Тараптар сауда-экономика, өнеркәсіптік кооперация, көлік-логистика, энергетика және басқа да салалардағы ынтымақтастықты одан әрі арттыру мәселелерін талқылады.

Еуразиялық экономикалық одақ форматындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері қаралды.

Ресей – Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктесі. Осы жылы елдер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық серпіні біртіндеп қалпына келтірілуде. Биылғы қаңтар-маусым айларында екіжақты тауар айналымы $10,7 млрд құрады, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 27%-ға жоғары. Қазіргі динамика сақталған жағдайда, екі ел арасындағы сауда көлемі биыл $23 млрд-тан асуы мүмкін.

Қазақстанда Ресейдің қатысуымен 7791 кәсіпорын және 3325 Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорындары жұмыс істейді. Ресейлік компаниялар ҚР экономикасына салынған қаражат көлемі бойынша басты инвесторлардың бестігіне кіреді. Соңғы 10 жылда Ресей Қазақстанға шамамен $12,6 млрд инвестиция салды. Ресейлік компаниялардың инвестициялық портфелі әрбір салада дерлік бар.

Жалпы сомасы $5,3 млрд құрайтын, өнеркәсіптік кооперация, сауда, құрылыс индустриясы, фармацевтика, мұнай-химия және жеңіл өнеркәсіп салаларындағы 30 бірлескен ірі жоба іске асыру және пысықтау сатысында тұр.

Мысалы, «Татнефть»-пен бірлесіп шина өндіру зауыты, «КАМАЗ» ЖАҚ-пен шойын құю және жетекші белдемелердің бас берілістерінің редукторларын өндіру зауыты салынып жатыр және т. б.

Осы жылдың 6 айында Қазақстан мен Ресей арқылы Орталық Азия, Еуропа, Қиыр шығыс бағыттарында барлығы 406,5 мың ЖФЭ тасымалданды, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңіндегіден 48%-ға артық. Қазақстан аумағы арқылы контейнерлік тасымалдар көлемі 326,2 мың ЖФЭ (+58%) құрады.

Келіссөз қорытындысы бойынша екі елдің үкімет басшыларының қатысуымен келесі бірқатар құжатқа қол қойылды:

Шығыс Тарутин (Қазақстан Республикасы), Тарутин (Ресей Федерациясы) кен орындарында мыс (мыс-алтын) кендерін өндіру кезінде шекара маңындағы аумақта шаруашылық қызметті жүзеге асыру ерекшеліктері туралы үкіметаралық келісім;

АХФО мен Татарстан Республикасы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі іс-шаралар жоспары;

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігі, АХҚО, «Сколково» Мәскеу басқару мектебі арасындағы тұрақты даму стратегиялары жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандум;

«Башқұрт сода компаниясы» АҚ мен «Каустик» АҚ арасындағы ынтымақтастық туралы бас келісім;

қағазсыз технология бойынша «РТЖ» ААҚ және «ҚТЖ» ҰК» АҚ/ «ҚТЖ-ЖТ» ЖШС қатысуымен жүктер мен вагондарды тасымалдауға көшуді жандандыру жөніндегі жол картасы;

«ҚТЖ» ҰК» АҚ мен «РТЖ» ААҚ арасындағы темір жол көлігімен агроөнеркәсіптік өнімдерді тасымалдауды ұйымдастыру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум.

ҚР Премьер-Министрі А. Мамин мен РФ Үкіметінің Төрағасы М. Мишустин Қазақстан Үкіметінің Цифрлық кеңсесінің жұмысымен, халық пен кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік қызметтерді цифрландыру саласында іске асырылып жатқан жобалармен, сондай-ақ АХҚО қызметімен танысты.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Популярное
Выбор редактора
Ошибка в тексте