2017 жылы инфляция нысаналы дәліз ортасында қалыптасты – Д. Ақышев
2017 жылдың қорытындысы бойынша жылдық инфляция 7,1% болды, бұл 2017 жылға арналған 6-8% нысаналы дәлізге сәйкес келеді. Бұл жөнінде Ұлттық Банк Төрағасы өткен жылдың қорытындыларына арналған баспасөз конференция барысында журналистерге айтып берді.
«Инфляцияның баяулауы Ұлттық Банктің болжамды және бейімделген ақша-кредит саясаты және әлемдік тауар және азық-түлік нарықтарындағы тұрақты ахуал жағдайларында орын алды», - деді Д. Ақышев.
Ұлттық Банк басшысы инфляцияның айтарлықтай баяулауы туралы базалық инфляцияның құбылмалы құрауыштарды ескермейтін көрсеткіші куәландыратынын атап өтті. Өткен жылы бұл көрсеткіш 8,9%-дан 6,2%-ға дейін төмендеді.
«2018 жылы біз жылдық инфляцияның біртіндеп баяулауын күтеміз және 2018 жылға 5-7% мөлшерінде барынша төмен нысаналы бағдарды белгіледік», - деді Д. Ақышев.
«Халыққа жүргізілген сауалнама нәтижелері бойынша 2017 жылғы желтоқсанда бір жыл бұрын инфляциялық күтулерді сандық бағалау 7,1%-ға дейін төмендеді», - деп сөзін қорытты Д. Ақышев.
Ұлттық Банктің алтынвалюта резервтері өсті – Д. Ақышев
«2017 жылы Ұлттық Банктің алтынвалюта резервтері алдын ала деректер бойынша 31,1 млрд. $-ға дейін 4,7%-ға дейін өсті», - бұл туралы баспасөз конференциясында журналистерге Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр Ақышев хабарлады.
«Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтері 57,8 млрд. $, елдің жалпы халықаралық резервтері 88,8 млрд. $ немесе ІЖӨ-нің 57%-ы болды», - деп хабарлады Д. Ақышев.
Енгізілген сәттен бастап алғаш рет базалық мөлшерлеменің деңгейі
2018 жылғы қаңтарда бірмәнді шамаға жетті – Д. Ақышев
2017 жылы Ұлттық Банк үш рет базалық мөлшерлемені жыл басындағы 12%-дан жыл соңындағы 10,25%-ға дейін төмендетті. 2018 жылғы 16 қаңтардан бастап ол 9,75%-ға дейін төмендетілді. Базалық ставканы енгізген сәттен бастап алғаш рет оның деңгейі бірмәнді шамаға жетті. Бұл туралы журналистерге Ұлттық Банк Төрағасы Данияр Ақышев айтып берді.
Ол «2017 жылы нарықтағы мөлшерлемелер бойынша Ұлттық Банк үшін бағдар болып табылатын TONIA индикаторы базалық мөлшерлеме дәлізінің төменгі шегіне жақын деңгейде қалыптасты» деп хабарлады.
Ақша нарығына келсек, онда «артық теңге өтімділігі сақталды». «Өтімділікті алу операцияларының нетто-сальдосы желтоқсан соңында 2,4 трлн. теңгені құрады», -деді Ұлттық Банк басшысы.
Д. Ақышев Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноттары өтімділікті реттеудің негізгі құралы болып қалатынын түсіндірді. «Желтоқсан соңында айналыстағы ноттар көлемі 3,2 трлн. теңге болды», - деді ол және «2017 жылы Ұлттық Банктің құралдары бойынша кірістілік төмендеді», - деп толықтырды. Егер жыл басында ноттар бойынша ең жоғары мөлшерлеме 12% болса, желтоқсанда ол 9,43% болды. Бүгін ол 9,12% құрады.
Валюта нарығындағы жағдай тұрақты – Д. Ақышев
Валюта нарығындағы жағдай тұрақты. Ұлттық валютаның орта мерзімді перспективадағы бағамын айқындайтын іргелі факторлар оңтайлы қалыптасуда. 2017 жыл ішінде теңгенің айырбастау бағамының серпіні әр түрлі болды. Бұл жөнінде журналистерге Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр Ақышев өткен жылды қорытындылай келе хабарлады.
«Бір жыл ішінде теңге АҚШ долларына қатысты номиналдық көрсетуде 0,3%-ға нығайып, бір АҚШ доллары үшін 332,33 теңге болды», - осындай деректерді Д. Ақышев келтірді.
«Ұлттық Банктің 2017 жылы валюталық сауда-саттыққа қатысуы ең төмен – биржадағы сауда-саттықтың жылдық көлемінен 1,7% болды. Өктемділік маусымда, тамызда, қыркүйекте және қазанда ғана жүргізілді. Ұлттық Банк қараша және желтоқсанда валюта нарығына қатыспады. Осылайша, теңге бағамы 2017 жылдың соңында басым түрде қалыптасқан қолайлы іргелі факторлардың негізінде валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың теңгерімділігі негізінде ғана қалыптасады», - деді Ұлттық Банктің басшысы.
Теңгемен кредиттер өсті – Д. Ақышев
Банктердің экономикаға кредиттерінің көлемі бір жылда 12,7 трлн. теңге болды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы Алматы қаласындағы баспасөз конференциясында сөйлеген сөзінде айтты.
Бұл ретте, ол 2017 жылы банк нарығында біршама өзгерістердің болғанын атап өтті. Казкоммерцбанкті қалыпқа келтіру жөнінде мәмілелер жүргізілді, нәтижесінде 2,4 трлн. теңге баланстан есептен шығарылып, Проблемалық кредиттер қорына берілді.
600 млрд. теңге болатын кредит портфелін есептен шығаруды көздейтін РБК Банкті қайта құрылымдау жүргізілді. ДельтаБанктен лицензия қайтарып алынды және оның 271 млрд. теңгеге жуық мөлшердегі кредит портфелі банк жүйесіндегі көрсеткіштерде есепке алынуы тоқтатылды.
«Осы оқиғалардың әсер етуін болдырмасақ, онда басқа банктердегі кредиттердің өсуі 10,8%-ды құрады», – деді Д. Ақышев.
Сондай-ақ банктердің кредит портфелінің құрылымында теңгемен кредиттеу 9,4 трлн. теңгеге дейін 9,2%-ға өсті, бұл шетел валютасындағы кредиттердің 3,3 трлн. теңгеге дейін айтарлықтай 19,2%-ға қысқарғаны аясында орын алды.
Халықтың теңгемен депозиттері 30,7%-ға өсті – Д. Ақышев
Депозиттердің жалпы көлемі 2017 жылы 17,5 трлн. теңге болды. Жоғарыда аталған Казкоммерцбанкті, RBK Банкті және Дельта Банкті есептемегенде депозиттердің өсуі 1,5% деп бағаланады. Бұл туралы Алматы қаласындағы баспасөз конференциясында сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы айтып берді.
Д. Ақышев теңгемен депозиттердің өсуінің негізгі қозғаушы күші халықтың теңгемен депозиттері болғанын, олар бір жылда 30,7%-ға 912 млрд. теңгеге өскенін атап өтті.
«Осы өзгерістер нәтижесінде долларлану деңгейі 2016 жылғы желтоқсандағы 54,5%-дан 2017 жылдың соңында 47,7%-ға дейін, заңды тұлғалар депозиттерінің долларлануы 48,7%-дан 43,8%-ға дейін, халықтікі 62%-дан 52,2%-ға дейін төмендеді», - деді Д. Ақышев.
ҚР қаржы секторындағы ахуал туралы дәстүрлі баспасөз конференциясында Ұлттық Банк Төрағасы Данияр Ақышев айтып берді
Банк секторының жиынтық активтері 1 қаңтарда 24,2 трлн. теңге болды. Жұмыс істемейтін қарыздар үлесі банктердің несие портфелінің 9,3% құрайды. Осы деректерді баспасөз конференциясы барысында Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр Ақышев айтты.
Ол сондай-ақ банк секторының меншікті капиталының өсуі 2017 жылы 3,1 трлн. теңгеге дейін 8,8%-ды құрағанын хабарлады.
«2017 жылы Ұлттық Банк қаржы секторын «қайта іске қосу» шеңберінде Банк секторының орнықтылығын арттыру бағдарламасын іске асырды», – деді Ұлттық Банк басшысы.
Д. Ақышев «Бағдарлама шеңберінде Казкоммерцбанк балансы БТА Банк қарыздарынан тазартылғанын, қосымша провизиялардың қажетті деңгейі қалыптастырылғанын, бес қатысушы банкке 620 млрд. теңге сомада қаражат берілгенін» еске салды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан халқына жолдау шеңберінде Ұлттық Банк ағымдағы экономикалық ахуалды ескере отырып банк секторының жұмысын қайта құру мәселесін пысықтауға кірісті. Осы жұмыс шеңберінде тәуекелге бағдарланған қадағалау енгізіледі. Реттеуші провизияларға оралу және банктерді жаңа IFRS-9 халықаралық қаржылық есептілік стандартына бейімдеу 2018 жылғы жұмыстың негізгі бағыттары болады, бұл экономиканың нақты секторын қорландыру бойынша міндеттерді іске асыру мүмкіндігіне алып келеді», – деді ҚР ҰБ Төрағасы.
Сақтандыру нарығына келер болсақ, Ұлттық Банктің деректері бойынша, сақтандыру және қайта сақтандыру ұйымдары активтерінің жиынтық көлемі 2017 жылы 926,7 млрд. теңгеге дейін 8,2%-ға ұлғайды. Сақтандыру резервтері 460,5 млрд. теңгеге дейін 11,6%-ға өсті.
«Сақтандыру нарығын дамыту үшін заң жобасы әзірленді, ол сақтандыру қызметтерінің сапасын, қолжетімділігін арттыруға және құнын төмендетуге бағытталған», - деді Д. Ақышев.
Ол сонымен бірге бағалы қағаздар нарығы туралы да айтып берді. «Бағалы қағаздар нарығын қайта іске қосу шеңберінде Үкімет пен Ұлттық Банктің қор нарығын дамыту жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары қабылданды. Онда бағалы қағаздар нарығын қалыпқа келтіру және қайта іске қосу бойынша бірінші кезектегі шаралар айқындалған. Бірқатар шара іске асырылды. Бұл бағытта одан әрі белсенді жұмыс жалғасуда», - деп қорытындылады Д. Ақышев.
Жинақтаушы зейнетақы жүйесі жұмыс істеген бүкіл кезеңде зейнетақы жинақтарының жоғалу, зейнетақы төлемдерін алу кезінде кешіктіру не зейнетақы төлемдерін толық көлемде төлемеу фактілері болған жоқ – Д. Ақышев
1998 жылдан бастап 2017 жылды қоса алғандағы кезеңде жинақтаушы құрауыштан жалпы сомасы 1,1 трлн. теңге болатын 3.096.682 зейнетақы төлемі, оның ішінде 2013 жылғы қыркүйектен бастап 2017 жылды қоса алғанда БЖЗҚ-дан сомасы 621,7 млрд. теңге болатын 1.184.228 төлем жүзеге асырылды.
Бұл туралы Алматы қаласындағы баспасөз конференциясы барысында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр Ақышев айтып берді.
Д. Ақышев 2017 жылы БЖЗҚ-дан 321.025 алушы бойынша жалпы сомасы 185,1 млрд. теңге сомаға 340.088 зейнетақы төлемі жүзеге асырылғандығын түсіндірді.
Д. Ақышев қорытындылай келе жинақтаушы зейнетақы жүйесінің барлық жұмыс кезеңі ішінде зейнетақы жинақтарын жоғалту, зейнетақы төлемдерін алу кезінде кідірістер не зейнетақы төлемдерін толық көлемде төлемеу фактілерінің тіркелмегендігін атап өтті. Салымшылар (алушылар) тарапынан зейнетақы төлемдерінің уақтылы жүзеге асырылмағаны үшін Ұлттық Банктің немесе БЖЗҚ-ның атына шағымдар түскен жоқ.
Ұлттық Банк 2018 жылғы 1 ақпаннан бастап дарынды жас мамандарды
іздестіру науқанын бастайды
Ұлттық Банк 2018 жылғы 1 ақпаннан бастап экономикалық және қаржы бағыттағы, сол сияқты юриспруденция, инженерия және құрылыс, ақпараттық технология және киберқауіпсіздік салаларында қайтадан дарынды жас мамандарды іздестіру науқанын бастайды. Бұл туралы Алматы қаласындағы баспасөз конференциясы барысында Ұлттық Банк Төрағасы Данияр Ақышев айтып берді.
«Өткен екі жылда біз 1,5 мыңнан астам резюме қарадық. Іріктеу қорытындысы бойынша кадр резервіне 134 кандидат алынды, олардың 52-сі Ұлттық Банкке жұмысқа орналастырылды», - деді қаржы реттеушісінің басшысы.