Ұлттық Банк басшысы Д. Ақышев ҚР Үкіметінде 2016 жылғы 11 айдың қорытындысын жасады
Қазақстан экономикасы айырбастау бағамының жаңа талаптарына бейімделді. Жылдық инфляция бір таңбалы мәнге дейін төмендеді. Бұл туралы Ұлттық Банк басшысы Д. Ақышев ҚР Үкіметінің отырысында сөйлеген сөзінде мәлімдеді.
Ол инфляция бойынша ҚРҰБ деректерін келтірді, оған сәйкес 2016 жылғы қарашаның қорытындысы бойынша инфляция 1,2%, ал жыл басынан – 7,5% деңгейінде қалыптасты.
«Өткен жылғы тамыздан бастап теңгенің айырбастау бағамының өзгеруі 2016 жылғы 15 желтоқсандағы жағдай бойынша 78% болған, ал жылдық инфляция бір таңбалы 8,7%-ға дейін төмендеген жағдайда бағамды түзетудің әсерін ішкі бағаларға ауыстыру процесі аяқталды деуге болады», – деді Д. Ақышев. Оның айтуынша отандық экономика айырбастау бағамы талаптарының өзгеруіне бейімделді.
«Жақын арадағы 2 айда инфляция белгіленген 6-8% дәлізге жетіп, 2017 жылы бойы дәліз ішінде болады», – деп Д. Ақышев реттеушінің күтулерін атап өтті.
Бүгін Астанада ҚР Үкіметінің «Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 11 айдағы
әлеуметтік-экономикалық дамуы және бюджеттің атқарылу қорытындысы туралы» отырысы өткенін атап өтеміз. Ұлттық Банк басшысы өз кезегінде отырысқа қатысушыларға 2016 жылғы қаңтардан бастап қарашаға дейінгі кезеңдегі ҚРҰБ жүргізетін ақша-кредит саясатының нәтижелері және Қазақстанның қаржы нарығындағы ахуал туралы хабарлады.
Қазақстандағы пайыздық мөлшерлемелердің нарықтық құрылымын болжауға болады - Д.Ақышев
Ұлттық Банктің негізгі жұмысы ақша нарығында нарықтық пайыздық мөлшерлемелерді қалыптастыруға бағытталған, бұл экономикадағы ақшаның объективті бағасын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл жайлы бүгін ҚР Үкіметінің отырысында сөйлеген сөзінде Ұлттық Банк басшысы Данияр Ақышев хабарлады.
Оның айтуынша, «онсыз банктердің нақты секторды нарықтық жағдайларда кредиттеуі мүмкін емес». Ұлттық Банк 2016 жылы базалық мөлшерлемені 17%-дан 12%-ға дейін жоспарлы түрде төмендеткенін атап өтті Данияр Ақышев.
«Мемлекеттік бағалы қағаздардың қайталама нарығы қалпына келуде. Пайыздық мөлшерлемелердің нарықтық құрылымын болжауға болады және нарыққа қатысушылардың күтулеріне сәйкес қалыптасуда. Алғаш рет ұзақ уақыт ішінде шетелдік ойыншылар қайталама нарыққа қатыса бастады және бейрезиденттер тарапынан ноттарға деген сұраныс бар, бұл ұлттық валюта бағамының тұрақтануына сенімділікті білдіреді әрі пайыздық мөлшерлемелердің дұрыстығын көрсетеді, – деді ол.
Ұлттық Банк ортамерзімді МБҚ-ны орналастыру бойынша 19 млрд. теңге сомаға 19 аукцион өткізді
Қазақстан Ұлттық Банкі өз портфелінен ортамерзімді мемлекеттік бағалы қағаздарды сату бағдарламасын жалғастыруда. Бұл жөнінде бүгін қаржылық реттеушінің басшысы Данияр Ақышев ҚР Үкіметінің отырысында сөйлеген сөзінде хабарлады.
«19 млрд. теңге сомаға 19 аукцион өткізілді. 5 жылдық қағаздар бойынша соңғы аукциондағы мөлшерлеме 9%-дан сәл төмен қалыптасты. Қаржы министрлігінің жағдайды пайдалана отырып, бюджет тапшылығын қаржыландырудың келешектегі қажеттілігіне ішкі нарықта ортамерзімді ресурстарды тартуына болар еді, алайда ол нарыққа әлі қатыспай отыр жоқ», - деді Д. Ақышев.
Оның айтуынша, ақша нарығында 2,1 трлн. теңге мөлшеріндегі теңге өтімділігінің құрылымдық профициті де сақталып отыр.
Қазақстан Ұлттық Банкі валюта нарығында үш ай бойы өктемдік жүргізген жоқ
2016 жылғы қыркүйектен бері үш ай қатарынан Ұлттық Банк валюта нарығында өктемдік жүргізген жоқ. Осылайша, реттеуші биржадағы валюталық сауда-саттықтарға өзінің қатысуын 0%-ге жеткізді. Бұл туралы Астанадағы Үкімет отырысында сөйлеген сөзінде ҚР Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр Ақышев хабарлады.
Оның айтуынша, теңге бағамы қазіргі уақытта оң серпінге ие іргелі факторлардың әсерімен ғана қалыптасады.
«Ішкі валюта нарығындағы жағдай тұрақты. Ұлттық Банк сыртқы және ішкі факторлардың әсерімен қалыптасатын іргелі үрдістерге кедергі келтірмейді. Қарашаның соңында теңгенің биржалық бағамы жылдың басынан бері 0,4%-ға әлсіреп, бір АҚШ доллары үшін 341,44 теңгені құрады. Қазіргі уақытта нарықта теңге бағамының күн сайын аздап ауытқуы байқалады», - деді Д. Ақышев.
Ол сондай-ақ, мұнай өндіретін көптеген елдердің мұнай өндіру көлемдері мен әлемдік нарықтағы мұнай құнының өсуін төмендету туралы уағдаластығынан желтоқсанда теңгенің нығаю үрдісі байқалғандығын айтты.
«Еркін өзгермелі теңге бағамы саясаты резервтерді біртіндеп қалпына келтіруді бастауға мүмкіндік берді», - деп жалғастырды Д.Ақышев. Ол, Ұлттық Банктің алтынвалюта резервтері қарашаның соңына 29,8 млрд. доллар құрағанын хабарлады. Жыл басынан бастап 2 млрд. долларға өсу белгіленді. Ұлттық Банк басшысының түсіндіргендей «алтынвалюта резервтерінің көлемдерін ұлғайту негізінен алтын құнының өсуімен, сондай-ақ ішкі нарықта шетел валютасын сатып алумен қамтамасыз етілген».
Бұл ретте, Ұлттық қордың валюталық активтері 61 млрд. доллар құрады. Елдің резервтерінің жалпы сомасы Ұлттық Банктің деректері бойынша, 91 млрд. долларға жеткен немесе ІЖӨ-нің 68%-ын құраған.
Қазақстанда теңгемен салымдар 2016 жылдың басынан бастап шамамен екі есеге өсті - Д.Ақышев
Қазақстанда 2016 жылы депозиттер құрылымы өзгерді. Теңгедегі депозиттер 2016 жылғы қаңтардан бастап қараша аралығында алдын ала деректер бойынша 53,2%-ға өсті, ал шетел валютасында - 10%-ға төмендеді. Бұл жөнінде бүгін 2016 жылғы 11 айдағы қорытындыға арналған ҚР Үкіметіндегі отырысқа қатысушыларға Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр Ақышев хабардар етті.
Д. Ақышев атап өткендей, соның нәтижесінде, депозиттердің долларлану деңгейі 2016 жылғы қаңтардағы ең жоғарғы 70%-дан 2016 жылғы қарашада 56,7%-ға дейін төмендеген. Заңды тұлғалардың теңгедегі және шетел валютасындағы депозиттері теңесті. Жеке тұлғалар салымдарының құрылымында шетел валютасындағы депозиттердің үлесі 2016 жылғы қаңтардағы ең жоғарғы 80%-дан 2016 жылғы қарашада 64,4%-ға дейін төмендеді.
Д. Ақышев жыл басынан бері банктердің экономиканы кредиттеуінің көлемі өзгермей, 12,8 трлн. теңге болғанына да деректер келтірді.
«Алайда портфель құрылымында оң өзгерістер бар. Өңдеу өнеркәсібінде, ауыл шаруашылығында, құрылыста кредиттеу жандана бастады», - деді Д. Ақышев.
Ол Ұлттық Банк қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету жұмысын жалғастыратындығын айтты. «Ел экономикасында дағдарысты құбылыстардың сақталуы жағдайда Ұлттық Банк қаржы нарығын реттеудің контрциклдық сипатын ұстанады, банк секторының жағымсыз оқиғаларға орнықтылығын тұрақты бағалауды жүргізеді», - деп қорытындылады Д. Ақышев.