Өртенген «Юбилейный» магазинінің ғимаратын 3 тәулік ішінде қалпына келтірудің негізгі жұмыстары жүріп жатыр

      Алматыдағы  өртенген «Юбилейный» магазинінің ғимаратын  3 тәулік ішінде қалпына келтірудің негізгі жұмыстары  жүріп жатыр.  Синоптиктер берген ақпарат бойынша  бұл күндері қалада күн шығып,  ауа райы жақсы болады. Дегенмен, демалыс күндеріне қарай тағы да жаңбыр жауып, нысанның сыртын сырлауды қиындатуы  мүмкін.

Қазіргі кезде  Гогольдің бойындағы сенбі күні  өртке шалдыққан 7 қабатты  үйдің жөндеу жұмыстарымен  200 адам айналысуда.

«Алматыгорстрой» компаниясының мамандары өртке қатысты құрылған комиссия жұмысының қорытындысын күтпестен, өткен сейсенбінің кешінен жөндеу жұмыстарына кірісіп кеткен еді.

Өрттен кейінгі  қалпына келтіру жұмыстарының барысын бақылайтын құзырлы орган ретінде Алматы қаласы Табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы үй  ішіндегі жөндеу жұмыстарымен 93 құрылысшының айналысып жатқандығын  хабарлады.

Сәрсенбі күні таңертеңгісін өртке шалдыққан аумақтағы тазалық жұмыстарын жеделдету  әрі қоқыс   қалдықтарын сыртқа шығару жұмыстарын шұғыл жүргізу үшін қала басшылығы   қосымша күш ретінде тағы да 100-ден аса   жұмысшы мен «Тазалық»  ЖШС-нің 30 техника бірлігін жіберді.

«Өрт болған жерде жұмыс қауырт жүруде, 24 пәтер, үй баспалдақтары, 2 подъездің алаңдары күйік қалдықтарынан  тазартылуда. Жалпы үйдің 25% -ында қалпына келтіру жұмыстары жүруде», –  деп түсіндірді басқармадағылар.

Тазарту жұмыстарынан соң терезе блоктары, балкондар түгел жаңартылады.

Өртенген пәтерлердің интерьерлерін «Юбилейный» магазинінің иесі  қалпына келтіреді.

Қалпына келтіру жұмыстарымен айналысып жатқан құрылыс компаниясының өкілдері зардап шеккен подъездердегі электр, телефон, интернет, сигнализация жүйелерін іске қосудың күрделі болып тұрғандығын жеткізді.

«Өрт  мұндағы электр жабдықтарын жойған. Есептегіш құралдары мен электр щиттері   жанып кеткен. Бұлардан өзге подъездегі шахталарды да жөндеу қажет, бұларға  электр кабельдері тартылуы, барлық пәтерлердегі электр желілері түгел жаңартылуы тиіс. Алматыда қажетті электр кабельдері шығарылмайды. Ал оны  сырттан жеткізу үшін уақыт қажет. Сондықтан  нысанды тапсыру кестесіне 10 күнге түзету енгізу қажет», – дейді мамандар.

Дегенмен, құрылыс компаниялары елімізге танымал «Юбилейный» үйінің өрттен кейінгі жөндеу жұмыстарын қысқа мерзімде аяқтауға уәде берді.

Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Выбор редактора
Ошибка в тексте