Қауіпсіз жол акциясы: айыптұраққа 9 мыңнан астам көлік жеткізілді

Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев «Қауіпсіз жол» акциясының қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Kazinform

«Былтыр еліміздің жолдарында 2,5 мыңнан астам адам қаза тауып, 20 мыңға жуық адам жараланды. Жолдағы ереже бұзу әрекеттерінің, сондай-ақ жол апатының алдын алу бойынша шаралар белсенді түрде атқарылып жатыр. Оның ішінде республика аумағында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылды. Акцияны өткізуге 9,5 мың полиция қызметкері мен басқа да мемлекеттік органдардың мыңға жуық өкілі жұмылдырылды», - деді Ш. Алекешев министрліктің апталық брифингінде.

Оның айтуынша, жолдағы ережені бұзғаны үшін 360 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Патрульдік көліктерге орнатылған автоматтандырылған құрылғылар арқылы жылдамдықты шектен асырудың 87 мыңнан астам дерегі анықталды. Айыптұраққа 9 мыңнан астам көлік жеткізілген.

«Жол-көлік оқиғаларына және олардың зардаптарының ауырлығына әсер ететін себептердің бірі - жолдардың жағдайы. Сондықтан операция аясында полицейлер ел бойынша 8 мың зерттеу жасады. Жол қауіпсіздігіне кері әсер ететін 23 мыңнан астам кемшілік анықталды. Оларды жою туралы тиісті қызметтерге 8 мыңға жуық нұсқау берілген. Жолдарды күтіп ұстауға жауапты 1179 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деді ресми өкіл.

Айта кетейік, «Қауіпсіз жол» акциясы 5-29 ақпан аралығындағы өтті.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Популярное
Выбор редактора
Ошибка в тексте