Павлодарда антикор кәсіпкерлік қызметті кедергісіз жүзеге асыратын орындарды белгілеп берді

Өңірлік Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсынысы бойынша кәсіпкерлер үшін сауда нысандары орналасатын жерлер мен бағыттар бекітілді. Бұдан былай көшеде сауда жасағысы келген жеке кәсіпкерлер еш кедергісіз белгіленген жерлерде шатыр жайып отыра алады.

Бұған дейін Павлодар қаласында сауда-саттық жасауға арналған 26 орын қарастырылған болатын. Алайда олардың нақты орналасқан жері мен маршруттық сызбасы құжаттарда көрсетілмеген. Салдарынан рұқсат етілмеген сауда орындары көбейіп кеткен. Атқарушы органдар өз қалаулары бойынша бизнес субъектілерін анықтап, оларды бизнеске тиімсіз аймақтарға көшіре салатын. Мұндай жайттар жемқорлық тәуекелдерін тудырып келгені рас.

Өңірлік Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің баспасөз қызметінен хабарлағандай, антикордың ұсынысы бойынша Павлодар қаласының әкімдігі азық-түлік және азық-түлік емес тауарлармен сауда жасау құқығын бере отырып, кәсіпкерлер үшін сауда объектілерінің орналасқан жері мен маршруттарын бекітті.

«Енді жазғы уақыт кезеңі басталғанда кәсіпкерлер белгілі бір жерлерде сауда шатырларын, жәрмеңкелерді, жалға беру пункттерін және аттракциондарды кедергісіз ұйымдастыруға мүмкіндік алады», деп мәлімдеді антикор қызметінен.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Популярное
Выбор редактора
Ошибка в тексте