Екібастұз жылу желілеріндегі осал учаскелерде 109 ақау анықталған

 Екібастұз ЖЭО-да қазандықтар мен жабдықтарды жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Облыс әкімі Асайын Байханов Екібастұз қаласында жедел штаб отырысын өткізіп, жөндеу науқанының барысы және тұрғын үй қорын алдағы жылу беру маусымына дайындау мәселелерін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Павлодар облысы әкімдігіне сілтеме жасап.

ЖЭО-дағы жөндеу жұмыстарына 270-тен астам адам жұмылдырылған. Бекітілген кестеден артта қалушылық жоқ және қажетті жабдықтар уақытында жеткізілген. Бес қазандық агрегаттарында бөлшектеу жұмыстары, газ құбырларын, ауа өткізгіштерді, экрандық құбырларды ауыстыру, қазандықтардың қаптамаларын ауыстыру және т.б. атқарылып жатыр. Тамыз айының соңына дейін 4 жылу магистралін қайта жаңартуды аяқтау жоспарланған.

Екібастұз әкімінің ақпараты бойынша, жылу қабылдауға дайындық актісі 624 көпқабатты тұрғын үйден (690 үйден) алынған. Жылу тораптары мен ішкі жүйелерді жуу және нығыздау толық орындалған. 204 тұрғын үйде жүйені баптау жұмыстары орындалды, дроссель құрылғылары орнатылды және шайбалау жүргізілді.

Өңір басшысы жылу беру маусымының сәтті өтуі тек жергілікті атқарушы органның ғана емес, сондай-ақ тұрғындардың да бірлескен жұмысы мен жауапкершілігі екенін атап өтті. Осы мәселе бойынша түсіндіру жұмыстарын Екібастұз қаласы әкімдігінің тұрғын үй инспекциясының мамандары тұрақты негізде жүргізіп келеді. Тұрғындардың мақсатты қаражаты есебінен 131 үйдің жылумен, сумен жабдықтау және кәріз жүйелері жөнделді.

Облыс әкімі тамыз айының соңына дейін гидравликалық сынақтардың қорытындысы бойынша анықталған ақауларды жоюды тапсырды. Желілердің ең осал учаскелерінде барлығы 109 ақау анықталып, 24-і жойылған.

Еске салайық, өткен жылғы 27 қарашада Екібастұз жылу электр орталығында апат болып, қала тұрғындары жылусыз қалды. 28 қараша күні таңертең қалада жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды. 30 қарашада Екібастұзға Премьер-Министр Әлихан Смайылов барып, кінәлілер жауапқа тартылатынын айтты.

Апат себебі ретінде жылу желілерінің тозуы, жылу орталығы басшылығының немқұрайлылығы мен инвестициялардың жеткіліксіздігі аталды.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Популярное
Выбор редактора
Ошибка в тексте