Мемлекеттік рәміздер күніне арналған акцияға ел аумағында 50 мың адам қатысты

2708

«Жастар Рухы» жастар қанаты елордада «Бәйтерек» монументінің жанындағы алаңда ҚР Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында ауқымды акция ұйымдастырды. Игі іс-шараға мыңнан астам адам қатысты.

Акцияға қатысушылар ҚР Мемлекеттік әнұранын орындап, Алмас Ахметбекұлы «Көк тудың желбірегені» әнін шырқады. Ал «Алтын домбыра» өнер орталығының 50 оқушысы халқымыздың әйгілі күйлерін нақышына келтіріп орындады.

AMANAT партиясының атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев бұл қазақстандықтардың ұлттық салт-санасын нығайта түсетін маңызды мереке екенін атап өтті.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның туы, елтаңбасы мен әнұраны ұлтымыздың азаттыққа, өркендеуге және жасампаздыққа деген табанды ұмтылысын білдіретінін айтқан еді. Өткен ғасырда Алаш қозғалысының қайраткерлері болашақ ұрпақ үшін, Тәуелсіздікке жол ашу үшін өздерін құрбан етті. Сондықтан мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – әр отандасымыздың қастерлі парызы. Бұл – ұлтты ұйыстыратын, халқымыздың бейбітшілік пен келісімге деген адалдығын білдіретін қастерлі күн. Бүгін біздің акцияға ел аумағында 50 мыңға жуық адам қосылды», – деді ол.

Сондай-ақ, Мәжілістегі AMANAT партиясының депутаты Дәулет Тұрлыханов жиналған жұртшылықтың алдында сөз сөйлеп, азаматтық бірегейлікке негізделген патриотизмнің қаншалықты маңызды екенін атап өтті.

Айта кетейік, 1992 жылдың 4 маусымында Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері бекітілді.

Еске сала кетейік, былтыр «Жастар Рухының» белсенділері ҚР мемлекеттік байрағын дәріптеуге бағытталған «Менің Елім – Менің Туым» атты ауқымды акция өткізді. Жастар қанатының мыңнан астам жақтасы ел аумағында 5 мыңнан астам ту ілді.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить