ЕҰУ-да Гейдар Әлиев аудиториясы ашылды

4341

Бүгін Еуразия ұлттық университетінде Әзірбайжан халқының жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиевтің аудиториясы салтанатты түрде ашылды. Онда Гейдар Әлиевтің қолжазбалары, мемлекеттік қызметі туралы кітаптар, түркі халықтарының тарихы мен мәдениеті туралы еңбектер ұсынылған.

Іс-шараға Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, Әзірбайжанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Агалар Атамоғланов, ғылыми қауымдастық өкілдері мен студенттер қатысты.

Салтанатты ашылу барысында Ерлан Сыдықов Еуразия ұлттық университеті мен Әзірбайжанның жетекші жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастығы белсенді дамығанын және ондаған әзербайжандық студенттер ЕҰУ қабырғасында оқитынын атап өтті.

«Еуразия ұлттық университеті мен Баку мемлекеттік университетінің ғалымдары биотехнология бойынша бірлескен зерттеулер жүргізуде. Жаңа оқу жылынан бастап биология бойынша «қос диплом» бағдарламасы басталады. Ынтымақтастық мамандарды бірлесіп даярлау шеңберінде ғана емес, сонымен қатар біздің елдеріміздің студенттері мен оқытушылары үшін академиялық ұтқырлық және тағылымдама бағдарламалары бойынша да дамуда. Біздің университет қабырғасында Әзірбайжанның көрнекті қайраткерлері дәріс оқығанын атап өткен жөн», - деді Ерлан Сыдықов.

Әзірбайжанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Агалар Атамоғланов биыл белгілі саяси қайраткер Гейдар Әлиевтің туғанына 100 жыл толатынына назар аударды.

«Әр халықтың тарихында ұлы адамдар бар. Ең тағдырлы сәтте олар халықты алға жетелейді. Бауырлас қазақ елі Гейдар Әлиевті саяси қайраткер ретінде құрметтейтінін білеміз. Еуразия ұлттық университетінде осы аудиторияның ашылуы - соның жарқын дәлелдерінің бірі. Менің ойымша, біздің студенттер жаңа білім алуға және Әзірбайжан мәдениетімен танысуға мүмкіндік алады. Біз ЕҰУ-мен бірлесіп осы атаулы аудиторияда мәдени іс - шаралар өткізетін боламыз», - деді дипломат.

ЕҰУ профессоры Мұхит-Ардагер Сыдықназаров көпжылдық ғылыми зерттеулердің нәтижесінде табылған Әзірбайжан мемлекетінің сирек кездесетін көне 3 еуропалық картаны сыйға тартты. Ғалым өз еңбегінің нәтижесін Әзірбайжан басшысына табыстау үшін елшілік өкілдеріне берді.

«Ескі карталарды зерттеу барысында мен бауырлас Әзірбайжанның көптеген карталарын таптым. ХVІ ғасырдан бастап еуропалық және американдық карталарда Әзірбайжанның өзі және оның қалалары көрсетілген. Ең қызығы, ХV - ХVІІІ ғасырлар аралығында Каспий теңізі еуропалық карталарда бірнеше рет әртүрлі атаумен атап өтілген», - деді ғалым.

Университет ғалымдары түркі халықтарының мәдениеті мен ғылымының дамуына да үлес қосуда. Бақтияр Вахабзаденің «Гүлстан» поэмасы, Жавид Хусейн, Зардаби Хасанбек Ахундзаде, Мырза-Фаталидің еңбектері түркітанушы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Амантай Шәріптің арқасында Қазақстанның қалың оқырман қауымына қолжетімді болды.

«Біздің халықтарымыз арасындағы байланыс тамыры өте терең. Шығармашылық жұмыс барысында мен Гейдар Әлиевтің Әзірбайжанның рухани мәдениетін дамытуға зор үлес қосқанына көз жеткіздім. Ол тек саясаткер ғана емес, сонымен бірге Әзірбайжанның ұлы мәдени қайраткері. 1982 жылы Гейдар Алиевтің арқасында Жавид Хусейннің сүйектері Әзірбайжанға оралып, қайта жерленді. Онда оның үй мұражайы ашылды және оған Гейдар Әлиевтің өзі жиі баратын», - деді ғалым Амантай Шәріп.

Атаулы аудитория Әзірбайжанның тарихы, саясаты мен мәдениеті туралы білім орталығына айналады. Онда тілдік және әдеби бағыттар бойынша түрлі тақырыпта дәрістер өтеді.
 

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить