Үндістандық шахматшы Виши Ананд астаналық бүлдіршіннің тұсауын кесті

4378

Ертең классикалық шахматтан 2023 жылғы әлем чемпионы атағы үшін матч басталатын St.Regis қонақүйінде гроссмейстер, Үндістан тарихындағы ең ұлы шахматшы, шахматтан 15-ші әлем чемпионы Виши Ананд бір жасқа толған астаналық кішкентай Әбдірахманның тұсауын кесті.

«Тұсаукесерді осы айға жоспарлап отырғанбыз. Дәл қазір астанамызда осындай ауқымды шахмат мерекесі өтіп жатқандықтан, біз тәуекел деп даңқты шахматшыға ұсыныс жасадық. Ол кісінің ұсынысымыздан бас тартпағанына өте ризамыз», – деп ағынан жарылды Әбдірахманның анасы.

Салтанатты шара басталмас бұрын шахматшы балаға өсиетін айтты.

ФОТО: © Сергей Алексеенок

«Баланың тұсауын кесу мен үшін мәртебе. Әбдірахманға бар жақсылықты, зор денсаулық пен бақыт тілеймін. Балам, өмір бойы сені бақытты ететін мамандықты таңда», - деді Ананд.

ФОТО: Сергей Алескеенок

Одан кейін шахматшы жіпті қиып, баланы анасымен бірге ақ кілем үстінен жетеледі. Кілемнің екінші басында түрлі кәсіптерге қатысты бұйымдар дайындалды. Дәстүр бойынша нәресте бірінші болып қолын созған зат оның өмір жолын анықтайды. Қамшы кітап, ақша мен шахмат алдына қойылған Әбдірахман ақ ладьяны таңдады. Кейіннен дәстүр бойынша Әбдірахманның ата-анасы Анандтың иығына шапан жапты.

ФОТО: © Сергей Алексеенок

 

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить