Батыр балалар: ҚР оқу-ағарту министрі адам өмірін сақтап қалған оқушыларды марапаттады

Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарынан келген 11 оқушы бүгінгі күннің батырына айналды. Олардың оқыс оқиға кезінде жасаған батыр әрекеттері адам өмірін қорғап қалды.

Олардың қатарындағы ең кішкентайы - сегіз жасар Нұриден Амантай. Ол өрт ортасынан қарындасын аман алып шықты. Әмірхан Абай, Нұрболат Ермағамбет және Сұлтан Малқаджар суға батып бара жатқан досын құтқарса, тоғыз жасар Жансерік Әлім өрт кезінде қарындастары мен інісіне көмек көрсетті. Оразали Зиноллаев, Саян Еспул, Марал Ганиев және Нұрполат Нұркелді балаларды судан алып шықты.

Бүгін батыр балаларды марапаттау рәсімі Астана қаласында өтеді. Олар белгілі қазақстандық спортшылармен, боксшы, әлем чемпионы Мерей Ақшаловпен және Қазақстан ұлттық құрамасының футболшылары Исламбек Қуат, Михаил Габышевпен кездесті. Спортшылар балалардың ата-аналарына олардың жасаған ерлігі үшін алғыс білдірді.

Олардың батыл әрекеттері бүгінгі күні көпке үлгі.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ержүрек балаларды алғыс хаттармен марапаттады. Министр қазақстандық оқушыларға көрсеткен батылдығы мен қайсарлықтары үшін алғысын білдірді.

«Адам өмірін құтқару - үлкен ерлік. Біздің мектеп оқушыларының арасында өзгелерге үлгі боларлық өжет, ержүрек, батыл балалардың бар екендігі мақтаныш. Осындай азаматтар тәрбиелегені үшін ата-аналарыңыз бен мұғалімдеріңізге алғыс айтамын», - деді Ғани Бейсембаев.

Кездесуге ҚР еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаева, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев, қазақстандық дзюдошы және самбист Руслан Сейлханов қатысты. Батыр балалар мен олардың ата-аналарына министр Алғыс хат, энциклопедия, спорттық жабдықтар және лагерьге жолдамалар табыстады.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Популярное
Выбор редактора
Ошибка в тексте