ҚР Үкіметі мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау қағидаларын бекітті

2982

ҚР Үкіметі Мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау қағидаларын бекітті, деп хабарлайды primeminister.kz сайты.

Қаулыға Премьер-Министр Әлихан Смайылов қол қойды.

Мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялаудың функционалдық құрылымына мыналар кіреді:

- ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасында цифрландыруды іске асыру жөніндегі комиссия;

- цифрлық үкімет офисі;

- уәкілетті орган;

- мемлекеттік органдар.

Комиссия ҚР Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады. Оның негізгі міндеттері – Қазақстан Республикасында цифрландыру және инновациялық технологиялар мәселелеріне қатысты ұсыныстар әзірлеу, мониторинг жүргізу және оларды іске асыру.

Цифрлық үкімет офисі өз функцияларын ҚР Премьер-Министрінің өкімімен бекітілген ережеге, сондай-ақ осы Қағидаларға сәйкес жүзеге асырады.

Уәкілетті орган офистің жұмыс органы болып табылады және мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялауды салааралық үйлестіруді жүзеге асырады.

Уәкілетті органның жанында:

- мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялауды ұйымдастырушылық және әдіснамалық сүйемелдеу функциялары жүктелген цифрлық үкіметті қолдау орталығы;

- «электрондық үкіметтің» архитектурасын дамытуды әдіснамалық қамтамасыз ету жөніндегі функциялар, деректерді талдау, цифрлық мемлекетке көшуді ескере отырып, «электрондық үкімет» архитектурасын құру жүктелген «электрондық үкіметтің» сервистік интеграторы;

- «электрондық үкіметтің» өзіне бекітілген ақпараттықкоммуникациялық инфрақұрылымының қызметін қамтамасыз ету, оның ішінде деректерді талдау және пайдалану үшін «Smart Data Ukimet» ақпараттықталдамалық жүйесінің қызметін қамтамасыз ету, сондай-ақ ақпараттандыру объектілері арасында ақпараттық өзара іс-қимылын ұйымдастыру және қамтамасыз ету жүктелген «электрондық үкіметтің» ақпараттықкоммуникациялық инфрақұрылымының операторы жұмыс істейді.

Мемлекеттік органдар:

- мемлекеттік органдар басшыларының цифрландыру мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарлары қатарынан цифрлық трансформациялаудың жол карталарын әзірлеуге және іске асыруға жауапты тұлғаларды айқындайды;

- бірінші басшының бұйрығымен мемлекеттік орган жанынан цифрлық трансформациялау офисін құрады, сондай-ақ оның құрамы мен ережесін бекітеді;

- осы Қағидаларға сәйкес цифрлық трансформациялаудың жол карталарын әзірлеуді, келісуді, бекітуді және іске асыруды жүзеге асырады;

- цифрлық трансформациялаудың жол карталарының жобаларын уәкілетті органға келісуге жібереді;

- міндеттерді бөлу туралы бұйрықтарға сәйкес жетекшілік ететін саладағы деректерді басқаруға стратегиялық бағыттарға және деректерді басқару саясатын айқындауға жауапты бас офицердің функцияларын мемлекеттік органдар басшыларының орынбасарларына жүктейді;

- реинжинирингті жүзеге асырады;

- мемлекеттік органдағы құрылымдық бөлімшелер, ведомстволық бағынысты ұйымдар арасында функциялар мен өкілеттіктерді бөледі;

- бизнес-процестердің электрондық тізілімін қалыптастыруды және жүргізуді жүзеге асырады;

- ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, ақпараттық қауіпсіздік, деректерді басқару, «электрондық үкімет» архитектурасын дамыту, «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерін құру, дамыту, пайдалану, сатып алу, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметтер саласындағы ұйымдастырушылық, техникалық, құқықтық талаптардың сақталуын қамтамасыз етеді.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить