ҚР Энергетика министрі ЖЖМ нарығын тұрақтандыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты

1553

2022 жылғы 13 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов ішкі нарықты жанар-жағармай материалдарымен (ЖЖМ) қамтамасыз ету туралы айтып берді.

Болжамдарға сәйкес 2022 жылы өңделген мұнай көлемі 13,72 млн.тоннаны құрайды және өткен жылғы көрсеткіштен 1,04 млн. тоннаға асады. 2022 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша дизель отынын өндіру 3,53 млн.тоннаны құрады және өткен жылғы көрсеткіштен 259 мың тоннаға немесе 7,7%-ға асты.

Қабылданған шаралар оң әсерін тигізіп, мұнай базаларында дизель отынының қорын 163,8 мың тоннаға дейін немесе жолдағыны ескере отырып, 235 мың тоннаға дейін ұлғайтуға (12 қыркүйектегі деректер), сондай-ақ дизель отыны жоқ АЖҚС үлесін 633-тен 485 АЖҚС-қа дейін төмендетуге мүмкіндік берді, жалпы Қазақстанда 3 120 жанармай құю станциясы жұмыс істейді.

Ведомство басшысы атап өткендей, қазіргі уақытта Министрлік өз тарапынан әкімдіктердің барлық өтінімдерін жинап, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, дизель отынының қажетті көлемін бөлуді пысықтауда.

Болат Ақшолақов ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге (АШТӨ) арзандатылған отын басым негізде тиеп-жөнелтілетінін және тұрақты бақылауда екенін атап өтті. Дала жұмыстарын жүргізуге АШТӨ-ге барлығы 423,5 мың тонна дизель отыны бөлінді, шілдеде 106,6 мың тонна, тамызда 152,85 мың тонна тиеп-жөнелтілді.

Сондай-ақ, ҚР Энергетика министрі өз сөзінде жанар-жағармай ішкі нарығын тұрақтандыру үшін қабылданған шаралар туралы айтты, атап айтқанда, Қазақстан аумағынан бензин, дизель отыны мен мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін автомобиль көлігімен әкетуге тыйым салу туралы бұйрық қабылданды; жанар-жағармай станцияларына сараланған бағаларды енгізу туралы бұйрық қабылданды, қазіргі уақытта бұйрыққа шектелген отын көлемін босату бойынша бақылау нормалары енгізілуде; вагон цистерналарын беру саны артты (дизель отынын орташа тәуліктік тиеп-жөнелтудің өсуі 21,7%-ды құрады); «Самұрық-Қазына» қоры мен ҚМГ Үкіметтің тапсырмасы шеңберінде қыркүйек-қазан айларында 100 мың тонна дизель отынын импорттауға келісімшартқа қол қойды, бүгінгі күні 10 мың тонна импортталды; дизель отыны мәселелері бойынша азаматтардың өтініштеріне жедел ден қою үшін Министрлікте және ірі ЖҚС желілерінде «колл-орталықтар» құрылды; облыстардың әкімдіктері және республикалық маңызы бар қалалардың қалдықтарына мониторинг жүргізу және мұнай базаларындағы ЖЖМ көлемдерін шалғайдағы елді мекендерде орналасқан АЖҚС-тарға бөлу жөнінде шешімдер қабылдау үшін жедел штабтар құрылды.

Сөзінің соңында Болат Ақшолақов жанар-жағармай ішкі нарығындағы жағдайды тұрақтандыруға бағытталған одан арғы шараларға тоқталып өтті, оларды бірлесіп іске асыру бірқатар мәселелерді шешуге мүмкіндік береді, атап айтқанда: облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне дизель отынының талап етілетін көлеміне өтінімдер бойынша Министрлікке ақпарат беруді жеделдетуді; ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне ҚР Энергетика министрлігімен бірлесіп дизель отынын босатудың тәуліктік шектеулерін бақылаудың цифрлық жүйесін енгізуді жеделдетуді; ҚМГ-ға Қазақстанға 100 мың тонна импорттық дизель отынын жеткізуді жеделдетуді, сондай-ақ АМӨЗ жөндеуге тоқтаған кезде қосымша көлемдер импортын қарастыруды; ҚТЖ-ға вагон-цистерналарды уақтылы беру және тиелген көлемдерді басымдықпен жеткізу бойынша үйлестіру мен бақылауды жалғастыруды; ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне ҚР МӨЗ-де және мұнай базаларында дизель отынына көтерме сауда бағаларын уақытша мемлекеттік реттеуді енгізуді (келісім бойынша); Әкімдіктерге, ҚМГ-ға ҚР Энергетика министрлігімен бірлесіп, автобензин өндіруді, қорлардың орнын толтыруды және өткізуді бақылауды қамтамасыз етуді; Әкімдіктерге құқық қорғау органдарымен бірлесіп мұнай өнімдерінің айналымы мен елден тыс жерлерге шығарылуын шектеуге бақылауды күшейтуді ұсынды.

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Р.В. Склярдың төрағалығымен ішкі нарықты ЖЖМ-мен қамтамасыз ету жөніндегі арнайы комиссия шеңберінде ҚР Энергетика министрлігі жалпы үйлестіруді жалғастырады.

Үкімет отырысында Қазақстанның битумға деген жалпы қажеттілігі 1,1 млн. тоннаны құрайтыны белгілі болды.

Қазақстан өңірлері бойынша өндіріс көлемі мен қажеттілік мынадай: Батыс өңірлер – өндіру жылына 500 мың тонна болған кезде қажеттілік – 191 мың тонна; солтүстік-шығыс өңірлер – 308 мың тонна қажеттілік жылына 300 мың тонна өз өндірісімен жабылады; оңтүстік өңірлер – өндіру 374 мың тонна болған кезде ең жоғары қажеттілік – 602 мың тонна.

Жұмыс істеп тұрған зауыттарды қосымша жүктеу есебінен елдегі битумның жиынтық өндірісін жылына 1,2 млн. тоннаға дейін ұлғайтуға болады: CaspiBitum - Қаражанбас мұнайын қайта өңдеу есебінен жылына 500 мың тоннаға дейін (+ 94 мың); Qazaq Bitum Ontustik битуммен және Эко-битуммен бірге - жылына 374 мың тоннаға дейін (+ 200 мың) РФ гудрон импорты есебінен;

Болат Ақшолақов атап өткендей, автожол компаниялары ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен бірыңғай сатып алушы арқылы қысқы-көктемгі кезеңде битумның қосымша көлемін сатып алуға арналған шығындарды жоспарлауы тиіс. Сондай-ақ жол-құрылыс жұмыстарының бағалары битум бағасының нарықтық конъюнктурасына сай болуы тиіс.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить