Омарбеков: Жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңында халықтың пікірі ескеріледі

ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Атырау облысына жұмыс сапарымен келді. Бауыржан Омарбеков «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту туралы» заң жобасын таныстырды.

Ол аталған заң жобада халықтың пікірі ескерілетінін айтып, енгізілген өзгерістердің әрқайсысына жеке тоқталып түсінік берді.

Бүгінгі таңда аудан әкімдерін тікелей сайлауды енгізу жұмыстары жүргізілуде. Тиісті заң жобасы Үкіметке келісу үшін енгізілді. Аудандар әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуді 2023 жылдан бастап 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен өткізу жоспарланып отыр.

«Әзірленіп жатқан заң жобасы жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, сондай-ақ мемлекеттік басқару органдарының қызметіне тікелей әсер етеді. Ол бюджеттеу, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының коммуналдық мүлкін басқару, мемлекеттік сатып алу, өкілді және жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктері секілді салаларды қамтиды. Бүгінгі кездесудің мақсаты – заң жобаның негізгі новеллаларымен таныстыру және жалпы аталған жоба бойынша ұсыныстар жинақтау», - деді вице-министр.

Мемлекеттік басқарудың жоғары деңгейлеріне тәуелділікті төмендету мақсатында заң жобасында азаматтардың ашық дауыс беруі арқылы төрт жыл мерзімге Кеңестерді кұру көзделген.

Кеңеске бюджетті бекіту, елді мекендерді абаттандыру, санитария мәселелерін реттеу, тұрғындарға көрсетілетін ақылы қызметтер мен жұмыстар тізбесін және олар бойынша тарифтер мөлшерін бекіту, көшедегі сауда-саттық, мерекелік шаралар мен конкурстарды өткізу мәселелерін реттеу секілді құзіреттер берілетін болады.

«Бұл органның барлық шешімдері хаттамада көрсетілген шешімдер болып қалмай, нормативтік-құқықтық актілер түріндегі шешімдер болады. Аталған құжатта көрсетілген тапсырмалар тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аймағында міндетті түрде орындалуы тиіс», - деп толықтырды Б.Омарбеков

Жиын барысында мұнайлы аймаққа Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарынан келген ауылдық округ әкімдері және өзге мемлекеттік органдардың қызметшілері де өз ұсыныстарын енгізді.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
2319 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить