Павлодар мектептерінде ауқымды инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жүріп жатыр

Облыс әкімі қала мектептеріндегі кешенді жөндеу жұмыстарының барысын тексерді. Әбілқайыр Сқақов мердігерлер жұмысының нәтижелері бойынша нысандарды қабылдау кезінде талаптарды қатаңдату қажеттігін атап өтті.

Биыл №25 және 42 мектептердің арасындағы бос алаңда екі кіші және бір толық өлшемді үш футбол алаңы, жүгіру жолағы, баскетбол алаңы және теннис корты пайда болады. Бұдан бөлек воркаут-алаң, демалыс аймағы, балалар ойын аймақтары салынуда. Мұнда
сабақ өтпейтін уақытта Усолка шағын ауданының барлық тұрғындары белсенді демалыспен айналыса алады. Ауқымды жоба 20 мыңға жуық адамның салауатты өмір салтымен айналысуына арналған.

Мектептегі спорттық инфрақұрылымды дамытудың тағы бір жобасы №19 мектепте жүзеге асырылуда. Мұнда ескі футбол алаңының жабындысы алынып, қоршауға қажетті іргетастардың орны дайындалып жатыр. Спорт алаңының аумағында екі жаңа футбол алаңы, баскетбол және волейбол алаңы, АӘД жаттығу алаңы, воркаут, тренажер бұрышы және балалар алаңы пайда болады.

Бауыржан Момышұлы атындағы жалпы орта білім беретін мектепте оқушылар санының көптігі байқалуда. Бір мың екі жүз оқушыға арналған жобалық қуаттылықта мұнда екі мыңнан астам бала оқиды. Мердігер мектеп ғимаратының шатырынан бастап инженерлік желілерге дейін жаңартуы тиіс. Облыс әкімі электр кабельдері мен өрт қауіпсіздігі жүйесін әрлеу жұмыстарынан бөлек қабылдауды талап етті.

- Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында электр, сантехникалық бөлік, коммуникация сияқты көрінбейтін жұмыстардың нәтижелерін жеке қабылдау қажет, - деді облыс әкімі.

№9 мектеп-гимназиясында 700 оқушыға арналған қосымша құрылыс салынуда. Жоспар бойынша мұнда төрт қабатты ғимарат салынады, онда бастауыш мектептің асханасы, акт және спорт залдары, хореография студиясы, музыка және бейнелеу өнері кабинеттері орналасады. Өңір басшысы екі ғимаратты бірыңғай сәулет ансамбліне айналдыруды ұсынды.

- Бұл біртұтас ансамбль болуы үшін қайта жаңартуды қосымша құрылыс салумен үйлестіру керек, - деп атап өтті Әбілқайыр Сқақов. - Мердігерлер жөндеу жұмыстарына барынша жауапкершілікпен қарайды деп ойлаймын, себебі бұл нысан әлеуметтік маңызды объектілердің қатарында.

Жұмыс сапарының соңында облыс әкімі 210 орындық жаңа мектептің құрылысы жүріп жатқан Теміржолшылар кентінде болды. Бұрын кентте балаларды оқыту тасымалдау арқылы ұйымдастырылған еді. Жұмысты жаңа оқу жылына дейін аяқтау жоспарлануда. Жаңа мектепте мата, керамика және металл өңдеу шеберханалары, АӘД кабинеттері, робототехника және аспаздық үйірмелер ашылады. Әбілқайыр Сқақов жұмыстарды сапалы жүргізіп, жоспарланған мерзімде аяқтауды тапсырды.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Популярное
Выбор редактора
Ошибка в тексте