Қазақстанның бұрынғы қорғаныс министрі ұсталды

Бұрынғы қорғаныс министрі Мұрат Бектанов ұсталды. Бұл туралы бас прокуратура хабарлады.

"19 ақпанда Бас прокуратура бұрынғы қорғаныс министрі Мұрат Кәрібайұлы Бектановқа қатысты Қылмыстық кодекстің 452-бабы ("Биліктің әрекетсіздігі"), әрекетсіздік фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады", - делінген хабарламада.
20 ақпанда Бектанов осы қылмысты жасады деген күдікпен ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді.

Айта кетері, 452-бап (Билiктiң әрекетсiздiгi, яғни бастықтың немесе лауазымды адамның өзi немесе басқа адамдар немесе ұйымдар үшiн пайда мен артықшылықтар алу не басқа адамдарға немесе ұйымдарға зиян келтiру мақсатында өзінің қызметтік міндеттерін орындамауы) бойынша 3 000 АЕК-ке (9 189 000 теңгеге) дейін айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстары немесе үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Кінәлі адамның мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылады. Ал ауыр зардаптарға әкеп соққан әрекет болса, төрт жылдан сегіз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

19 қаңтарда Қазақстан президенті қорғаныс министрі қызметіне Руслан Жақсылықовты тағайындады. Мемлекет басшысы экс-министр Мұрат Бектанов қаңтар оқиғасы кезінде командирлік қабілетін көрсете алмағанын айтты. Сын-сағатта армияның әлеуетін пайдалана алмағандықтан, Тоқаев сырттан көмек шақыруға мәжбүр болған.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Ошибка в тексте