Бензин мен дизель тапшылығы қалай шешіледі

Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев мұнай өнімдері тапшылығын болдырмау үшін қандай жұмыстар атқарылатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Айтуынша, мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту аяқталғаннан кейін өндіру көлемі өскен.

"Биыл 10 айда мұнай өнімдерін өндіру көлемі 11,3 миллион тоннаны немесе 2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 109%-ті құрады. Мұнай өнімдерін өндірудің 2021 жылға арналған жоспары 13,1 миллион тоннаны немесе 2020 жылғы көрсеткіштің 105%-ін құрайды", - деді Мырзағалиев үкімет отырысында.

Сондай-ақ, оның айтуынша, қысқа және орта мерзімді перспективада өндірісті одан әрі арттыру үшін бірқатар іс-шара жоспарланған.

Биыл Ақтау битум зауытында битум өндіру блогын жаңғырту аяқталады. Бұл өндіріс қуатын жылына 400 мың тоннадан 450 мың тоннаға дейін ұлғайтады.

Бұдан бөлек, Түркістан облысында жеке инвесторлар мұнай өңдеу зауыттарын салып жатыр. Оларды 2023 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

Бірінші жоба - Standart Рetroleum & Со. Зауыттың мұнайды қайта өңдеу қуаты 2 миллион тоннаға тең (бензин 260 мың тонна, дизель отыны 500 мың тонна);

Екіншісі – жылына 100 мың тонна көмірден қайта өндеу арқылы синтетикалық мұнай өндіруге мүмкіндік беретін "Стандарт Ресорсиз" жобасы. Ал кейін одан мұнай өнімдері шығарылады.

Бұған қоса, министр 2025 жылы Павлодар мұнай өңдеу зауытында гидротазарту қондырғысын реконструкциялау жобасы жүзеге асырылатынын атап өтті.

Реконструкция нәтижесінде бұрын зауытта өндірілмеген 160 мың тонна қыстық дизель отыны шығарылады.

"Жоғарыда көрсетілген іс-шараларды іске асырудың арқасында мұнай өнімдерін өндіру көлемі 2025 жылға қарай 2,2 миллион тоннаға дейін артып, 15,3 миллион тоннаны құрайды. 148,5 миллиард теңге инвестиция тартылады", - деп түйіндеді Мырзағалиев.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
783 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить