Ішкі туризм нарығы: әзірше бәсекелестік байқалмайды

27210

Отандық сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда ішкі туризмді дамытуға коронавирус пандемиясы екпін берді

Фото: © unsplash.com/Tengis Galamez

2020–2021 жылғы шектеу шаралары аясында қазақстандықтар өз елінің сұлу табиғатына барынша көңіл бөле бастады, ал бизнес өкілдері – туристік орындарды қалыпқа келтіріп, демалыс орындарын жаңғыртуға бет бұруда, деп есептейді отандық сарапшылар.

Айта кетейік, 2023 жылдың соңында Freedom Finance Global ұйымы Қазақстанның туристік саласына қатысты кешенді зерттеу жүргізіп, аталған нарыққа тән ерекшеліктер мен түйінді мәселелерді атап көрсетті. Бұл зерттеуде, сондай-ақ туризм саласындағы кәсіби ойыншылар мен сарапшылардың және туристік қызметтерді белсенді тұтынып жүрген қазақстандықтардың пікірі есепке алынған.

Осы зерттеудің қорытындысындағы мәліметтерге жүгінген Freedom Finance Global сарапшысы Ансар Абуев, Қазақстанның туризм нарығында бәсекелестік тиісті деңгейде қалыптаса қойған жоқ деп отыр.

Ансар Абуев, сарапшы
Ансар Абуев, сарапшы
Фото: жеке архивтен

«Қазақстанда ішкі туризмнің даму деңгейі орташадан төмен. Біздің сауалнамаға қатысқан сарапшылардың біразы отандық туристік нарық даму кезеңін бастан кешуде деген пікір айтты, дегенмен, бұл саланың аяқ алысы бізде әлі де болса бастапқы деңгейде. Әрине, пандемияға дейінгі жылдармен салыстырғанда ішкі туризмге көңіл бөлу көріністері бар, бірақ қазақстандықтар үшін сыртқы туризм мейлінше танымал. Жалпы, бұл екі бағыттың да қаржы құны шамамен бір деңгейде, алайда, сервис көрсеткіші, демалыс жағдайының қолайлылығы бойынша едәуір алшақтық бар. Ішкі туризм құнының жоғары болуының басты себебі – бұл нарықта әлі де болса тиісті деңгейде бәсекелестік қалыптасқан жоқ», - дейді сарапшы.

Сондай-ақ, Ансар Абуев «маусымдық» ерекшелік, яғни туристік демалысқа деген сұраныстың нақты бір кезеңде жоғары болуы, негізінен, ішкі туризмді шектеуші өлшем екенін алға тартады. Ал сыртқы туризмді таңдайтын қазақстандықтар маусымдық факторға аса мән бермейді, себебі бұл бағыттың географиялық аясы айтарлықтай кең. Сарапшының айтуынша, сыртқы туризм бойынша Қазақстанда сұранысқа ие бағыттардың қатарында Түркия, БАӘ, Грузия, Таиланд елдері бар.

Ішкі туризм аясынан алып қарағанда, еліміздегі ең танымал дейтін туристік орындарға белгілі бір маусымдарда сұраныс өрлей түседі: тіпті оларға қатысты тұтынушылар пікірі жағымсыз болған жағдайда да. Сегмент ішіндегі бағалардың кейде шектен тыс жоғары болуының бір себебі де осында, яғни отандық нарықтағы танымал туристік орындарда бәсекелестіктен туындайтын талаптар мен шарттар орындалып жатқан жоқ.

Ансар Абуевтің айтуынша, жалпылай алғанда, отандық туристік нарықты қалыптастырып отырған негізгі ойыншылар – шағын және орта бизнес өкілдері. Ал туристік орындарды жарнамалап, насихаттаудың басты күші – әлеуметтік желілер. Қазір, сондай-ақ ішкі туризмді танымал етуде блогерлерге жүгіну кең тарауда.

«Біздің сауалнамаға қатысқан сарапшылардың пікірінше, жаһандық пандемия еліміздің туристік саласына жаңа леп, жаңа екпін берді деуге толық негіз бар. Дәл сол тұста тұрғындардың арасында өздерінің демалыс уақытын ұйымдастыруда жаңа бір ұстаным қалыптаса бастады, әсіресе, ішкі туризм бағытында. Қазақстандықтар спортқа негізделген туризмге ден қоюда: жаяу серуендеуден тауға шығуға дейін, яғни треккинг, хайкинг сынды туристік ұсыныстар қалыптаса бастады. Ішкі туризмге қатысты белсенділікке цифрландыру барысы да септік етуде», - дейді Ансар Абуев.

Десек те, еліміздің туристік нарығын дамыту аясында туристік орындарға жету мәселесі дұрыс шешілмеген: көліктік-логистикалық әлеует мүмкіндігі әлі де болса әлсіз.

«Ел ішінде саяхаттау үшін, мысалға, ұшақ билеті қымбат, туристік маусым деп танылатын айларда темір жол билетіне қол жеткізу қиын, танымал туристік орындарға бағыт алған сапалы автокөлік құралдары аз не жоқтың қасы, жол бойында жанар-жағар май станциялары жеткіліксіз, танымал маршруттарда жол төсемдері сапасыз – осының бәрі елімізде ішкі туризмді дамытуға кедергі келтіретін көрсеткіштер», - деп түсіндіреді сарапшы маман.

Әрине, ел экономикасындағы кез келген саланы дамытуда инвестицияның маңызы зор. Бұл тұрғыда отандық сарапшылар, туристік сала ұзақ мерзімге негізделген инвестицияларды қажет етеді дегенді баса айтады.

«Туристік салаға инвестиция салуды мақсат еткен инвесторлар өз салымдарының ұзақ мерзімді сипатын ескеруі керек, өйткені ішкі туризмнің дәл қазіргі даму деңгейінде қаражатты қайтару және пайда табу тек 10 жылдан кейін ғана мүмкін болмақ», - деп қосады Ансар Абуев.

Айтпақшы, отандық сарапшы қауым, Қазақстанның туристік саласы дәл қазір инвестиция үшін тың әрі ашық нарық екенін алға тартады. «Қазақстандықтар өз елінің туристік әлеуетін толыққанды игере қойған жоқ, себебі ішкі туризм нарығы бұл тұрғыда жергілікті туристерді қызықтырып, тарта алатындай тетіктерді қолданып отырған жоқ», - дейді олар.

Сол сияқты, сарапшылардың бірқатары ішкі туризмді дамытуға шетелдік инвестиция тарту туралы ұсынысты аса қолдамайды, олардың пікірінше, туристік нысандарды шетелдік инвестицияның арқасында жүзеге асыруда ұлттық ерекшелік сақталмай, киелі орындардың маңызы есепке алынбауы әбден мүмкін.

Әйтсе де сарапшы қауым, отандық туристік саланы дамыту үшін «инвестиция тартуды белсенді жүргізіп, инвесторларға жеңілдігі бар салықтық бағдарламалар ұсынған дұрыс» деп есептейді.

«Елдегі туристік орындардың тартымдылығын арттыру үшін инфрақұрылымды дамытып, туристерді демалыс орындарына жеткізетін көлік мәселесін шешу керек. Бұл арада, әрине, бизнес пен мемлекеттің өзара әріптестігі тиімді болмақ. Біздің сауалнамаға қатысқан ойыншылардың бір бөлігі – мемлекет ішкі туризм нарығына дұрыстап көңіл бөлу керек деген пікірде. Жалпы, соңғы екі жылда мемлекеттің отандық туризм нарығына деген ықпалы елеулі – бізде қазір ішкі туризмді және туристік салада жұмыс істейтін компанияларды субсидиялау бойынша бағдарламалар бар», - дейді Ансар Абуев.

Freedom Finance Global зерттеуі көрсеткендей, бүгінде елімізде ішкі туризмді тартымды ету әлеуеті бар бірнеше бағыт айқындалып қалды. Атап айтсақ, экотуризм немесе табиғат баурайындағы демалыс – Батыс Қазақстан, Ақмола облысы және Алматы тау кластері төңірегінде қалыптасқан.  Діни туризм – Түркістан және Маңғыстау облыстарына, мәдени немесе этнографиялық туризм – Оңтүстік және Батыс Қазақстан аумақтарына тән. Сауықтыру орындарына негізделген туризм – Түркістан, Алматы, Павлодар, Жетісу облыстарында. Әлбетте, жаз айларында жағажайдағы туризмге деген сұраныс жоғары, бірақ бұл орындарда әдетте сервис деңгейі көңілдегідей емес әрі сала іші ұсынып отырған ойын-сауық тетіктері мен ұсыныстары жеткіліксіз.

«Бұл тұрғыда, мысалға, туристердің бос уақытын тиімді ұйымдастырып, олар таңдаған бағытқа сай ыңғайлы да қауіпсіз жабдықтар ұсынуды ойластыру керек. Нақты бір оқиғаға не идеяға негізделген туризмді жылжыту мүмкіндігі бар, мысалға, жаяу серуенге негізделген турлар, сұлу табиғат баурайындағы глэмпингтер, энотуризм (шарап туризмі), гастрономиялық туризммен біріктірілген этнографиялық турлар (ауылдарға). Еліміздің орталық және шығыс бөлігінде туристер әлі жете қоймаған, бірақ туристік әлеуеті зор аймақтар жеткілікті. Кеңес дәуірінде салынған шипажайларды қалыпқа келтіру, орташа бағаға негізделген демалыс орындарының санын ұлғайту – жалпы, ізденген бизнеске креативті идея аз емес», - дейді өз кезегінде Ансар Абуев.

Сарапшы мамандардың пікірінше, елімізде индустриалдық (моноқалаларды немесе қараусыз қалған қалалар мен елді мекендерді аралау), гастрономиялық, белгілі бір оқиғаға не жағдайға (мерейтойға) негізделген туризм түрлері ескерілмеген. Десек те, жалпылай алғанда, отандық сарапшылардың оптимистік пікірі – Қазақстанның ішкі туризм нарығы әрі қарай дамып, өркендей береді дегенге бір табан жақындау. Бірақ бұл арада мемлекеттің бұл салаға қатысты кредиттеу мүмкіндіктері мен салық салу жөніндегі ұсыныстары өзекті болса керек.

Сондай-ақ, олар, ішкі туризм нарығында «баға қымбаттайды» деген де болжам айтуда, тіпті бұл нарықта тиісті деңгейде бәсекелестік орнаған күннің өзінде «бағаның өсуін тоқтату мүмкін емес», деп есептейді туристік саланы зерттеген сарапшы мамандар.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить