Акционерлік капитализм шынымен қайтып оралды ма?

Қырық жылдан бері АҚШ-та корпорациялар акционердің құнын арттыруы керек деген доктрина үстем болды, оның мәні – жұмысшыға, тұтынушыға, жеткізушіге және қоғамға қандай салдары болғанына қарамастан, дәл қазір табыс тауып, акция бағасын өсіру

ФОТО: Pixabay.com

Сөйтіп, өткен айдың басында АҚШ-тағы ірі компаниялардың басын қосатын  Business Roundtable мүшелерінің барлығы дерлік қол қойған стейкхолдер капитализмі туралы мәлімдеме нағыз қарбалас тудырды. Америкадағы ең ықпалды корпорациялардың атқарушы директорлары америкалықтарға және күллі әлемге "бизнес деген – жай пайда табудан маңызды нәрсе” деп отыр. Бұл – тым батыл мәлімдеме. Солай ма?

Еркін нарық идеологы, Нобель сыйлығын алған экономист Милтон Фридман акционердің маңызы туралы доктринаны таратып қана қоймай, оны АҚШ заңдарына енгізген ықпалды кісі. Ол тіпті “бизнестің жалғыз ғана әлеуметтік жауапкершілігі бар, ол – ресурстарын қолдана отырып, өз табысын арттыруға бағытталған әрекетті жүзеге асыру”.

Фридман осы идеяларын жариялап, онысы ел ішінде таралып, тіпті лайықты экономикалық теорияларға сүйене отырып, корпоративтік басқару туралы заңдарға енгізілген соң қызық басталды. Сэнди Гроссман және мен 1970 жылдардың соңында шыққан мақалаларымызды акционерлік капитализм қоғамның әл-ауқатын арттырмайды дегенді айта бастадық.

Бұл әсіресе климаттың өзгеруі сияқты сыртқы дүниелерді көргенде, корпорациялар біз демалатын ауаны ластап, біз ішетін суды лайлағанда анық байқалады. Олар бала семіздігіне алып келетін қантты сусын немесе есірткіге тәуелділікке алып келетін дәрі сияқты денсаулыққа зиянды өнімдерді тықпалағанда немесе Трамп университеті я басқа да табыс табуға бағытталған жоғары оқу орындары аңқау және дәрменсіз адамдарды пайдалана бастағанда айқын көрінеді. Әрі олар көп банктер мен технология компаниялары сияқты нарықтың күшіне сүйеніп табыс таба бастағанда да бұл анық көрінеді. 

Бұл жалпы қоғамнан да анық байқалады. Мәселен, нарықтар компанияларды алысқа көз салмай, өз жұмысшылары мен қауымдарына тиімсіз инвестиция салуға итермелейді. Бір жақсысы – экономиканың ішіндегі мәселелерді терең білуге тиіс корпоративтік басшылар әйтеуір сәулені байқап, заманауи экономиканың соңынан қуып жетті. Бұған олар 40 жыл уақыт жұмсады.

Бірақ бұл корпоративтік лидерлердің айтып отырғаны рас па, әлде олар халықтың наразылығын басу үшін риторикалық мәлімдеме жасап отыр ма? Олар шынайы әрекет етпей отыр дегенге меңзейтін себептер бар.

Корпорацияның басты міндеті – салық төлеу, бірақ жаңа корпоративтік жобаға қол қойғандардың арасында елдегі салық төлеуден жалтарып жүрген басты компаниялар, соның ішінде Apple да бар. Деректерге қарағанда, ол Джерси сияқты салық “аралдарын” пайдалануды жалғастырып келеді. Басқалары АҚШ президенті Дональд Трамптың 2017 жылғы салық туралы заңын қолдады, ол бойынша корпорациялар мен миллиардерлердің салығы азайып, есесіне орта таптың салығы көбейеді, соның кесірінен миллиондаған адам медициналық сақтандырудан айырылып қалады. (Экономикасы жоғары дамыған елдер арасында АҚШ – теңсіздік деңгейі ең жоғары, денсаулық сақтау жүйесі ең нашар, орташа өмір жасы ең төмен төмен ел). Бизнес басшылары салықты қысқарту инвестицияны арттырып, жалақыны өсіреді деп сендіргенімен, жұмысшылар тиын- тебен ғана алды. Ақшаның көбі инвестицияға емес, акцияларды сатып алуға жұмсалды, бұл акция саудасын жақсарту схемалары арқылы акционерлер мен атқарушы директорлардың қалталарын қампайтты.

Ауқымдырақ жауапкершілікті шынымен сезінген жағдайда корпорация басшылары табиғатты қорғау, өз қызметкерлерінің денсаулығын сақтап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қатаңырақ ереже қабылдаған болар еді. Тек кейбір автокөлік компаниялары ғана (Honda, Ford, BMW, and Volkswagen) Трамп әкімшілігі қалағаннан анағұрлым қатаң экология ережелерін енгізді. Ал Трамп болса бұрынғы президент Барак Обаманың табиғатты қорғауға бағытталған мұрасын жойып жатыр. Тіпті алкогольсіз сусын шығаратын компаниялардың кейбір басшылары көбіне диабетке әкеліп соғатын бала семіздігіне қаншалық әсер етіп жатқанын ойлап, қынжылып отыр.

Атқарушы директорлардың біразы лайықты іс істегісі келеді (не олардың мұны қалайтын отбасы, достары бар), бірақ олар мұны істемейтін бәсекелестері бар екенін біледі. Ар-ұяты бар компанияларды ұяты жоқ компаниялар таптап тастамауы үшін бірдей ойын ережелерін енгізу керек. Сондықтан, көп корпорациялар парақорлықпен күрес, табиғатты қорғау және жұмыстағы қауіпсіздік пен денсаулықты қорғау ережелерін күшейтуді қолдайды.

Өкінішке қарай, жауапсыз әрекеттері 2008 жылғы жаһандық дағдарысқа алып келген ірі банктер бұлардың арасында жоқ. Дағдарыстың қайталану ықтималдығын азайтқан қаржылық реттеу туралы 2010 жылғы Додд-Франк заңының сиясы кебе бастағанда банктер оның басты ережелерін алып тастауға күш сала бастады. Олардың арасында JPMorgan Chase бар, оның атқарушы директоры Джеми Димон – Business Roundtable-дің қазіргі президенті. Америкадағы саясаттың ақшаға тәуелділігін ескерсек, банктердің ерекше жетістікке жеткені таңқалдырмайды. Дағдарыс болғалы он жыл өтсе де кей банктер әлі күнге жауапсыз әрі алаяқтық әрекеттеріне қарсы сот процестерінде өздерін қорғап жүр. Олар қалталарының қалыңдығының арқасында талапкерлерді жеңіп шығамыз деп үміттенеді.

Америкадағы ең ықпалды бизнес басшылардың жаңа ұстанымы қуантады, әрине. Бірақ бұл кезекті бір жарнамалық қойылым ба, әлде олардың ниеті шынымен оң ба, оған көз жеткізу үшін күте тұруға тура келеді. Әзірге біз заңдарды реформалауымыз керек. Фридманның идеясы сараң басшылардың осы кезге дейін көкейін тесіп келген нәрселерді жүзеге асыруына мүмкіндік беріп, акционерлік капитализмді Американың және басқа көп елдің заңнамасына сіңістірген корпоративтік басқару заңдарын қадылдауға алып келді. Бұл өзеруі тиіс. Корпорацияларға өз әрекеттерінің басқа акционерлерге нақты әсерін білуге мүмкіндік беріп қана қоймай, мұны оларға міндеттеу керек.

Джозеф Стиглиц, экономика бойынша Нобель сыйлығының иегері, Колумбия университетінің профессоры әрі Рузвельт институының бас экономист. Ол соңғы шыққан  People, Power, and Profits: Progressive Capitalism for an Age of Discontent (W.W. Norton and Allen Lane) кітабының авторы

© Project Syndicate 1995-2020 

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
11125 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:
Загрузка...
7 апреля родились
Владислав Ли
член правления АО «Банк ЦентрКредит»
Самые Интересные

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить