Әнші Сон Вон Саб Қазақстан нарығын неліктен таңдады?

21259

Қазақ әндерінің кавер нұсқасын орындап, ғаламтор желісі арқылы көпшіліктің көңілін жаулаған музыкант Қазақстан шоу-бизнесін қалай бағалайды, кімдермен жұмыс істегісі келеді?

Әнші Сон Вон Саб
Әнші Сон Вон Саб
Фото: жеке архивтен

Сеулдық әнші қалайша Ақтөбе өңірінің туристік амбассадоры атанды? Бұл туралы Сон Вон Саб Forbes.kz тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.

F: Сәуірде Алматының Республика сарайында концерт бердіңіз. Кеш қалай өтті, көңіліңізден шықты ма?

- Иә, кеш өте жақсы өтті. Бұл менің өмірімдегі ең бақытты күн ретінде ерекше есте қалады. Мені Алматы тұрғындарының жылы жүректері, менің шығармашылығыма деген ыстық сезімдері, махаббаттары айрықша тебірентті. Әсем Алматыдағы концертке тек алматылықтар ғана емес, өзге өңірлерден, тіпті өзге елдерден келгендер де болды. Мен Қытайдан, Ресейден, Ұлыбританиядан ұшып келген өнерсүйер қауымға ерекше алғысымды білдіргім келеді.

F: Алматы сияқты үлкен қалада үлкен концерт беру қомақты шығынды талап етеді. Сізді кім қолдады, ұйымдастыру жұмыстарына кімдер атсалысты?

- Дәл солай, осындай ауқымды залда концерт беру оңай емес. Бұл қомақты қаржыны, көп адамды қажет ететін шара. Сахна бір бөлек, сахна сыртында жұмыс істейтін мамандар да аз емес. Бұған тұтас бір команда қажет. Мен тек әншінің рөлін ғана ойнадым десем болады. Басқа мәселемен тікелей қазақстандық менеджерім айналысты. Концертті ұйымдастыру, оған қаржы тарту, көрерменмен байланыс орнату, жарнама сынды мінеттердің бәрі соның мойнында болды.

Сон Ван Соб және менеджері Әйгерім Әшімова
Сон Ван Соб және менеджері Әйгерім Әшімова
Фото: жеке архивтен

F: Ал Қазақстанда кіммен жұмыс істейсіз? Бұл жерде менеджеріңіз не қандай да бір продюсерлік орталық бар ма?

- Иә, Қазақстанда «Salem music entertainment» компаниясымен жұмыс жасаймын. Оның басшысы Әйгерім Әшімова, ол менің менеджерім және оған қоса продюсерім. Ол өз ісінің шебері, іскер маман. Жалпы, бұл компания Қазақстан нарығына корей әртістерін алып келіп, көптеген концерттер мен іс-шараларды ұйымдастырумен айналысады. Ауқымды концерттерді ұйымдастыруда олардың тәжірибесі мол. Одан бөлек өндірушілер бар, мамандар бар.

F: Сіз қазақ аудиториясына Шәмші Қалдаяқовтың, Батырхан Шүкеновтың, Қазыбек Құраиштың туындыларын орындау арқылы кеңінен танылдыңыз. Қазақстан нарығын таңдауға, қазақ әндерін орындауыңызға не себеп болды?

- Мен алғашында аты аңызға айалған қазақтың әншісі, есімі көпке танымал, маған бұрыннан таныс Батырхан Шүкеновтың «Дождь» әнін орындадым. Бұл кавер қазақстандықтарға өте ұнады. Осы сәттен бастап мен қазақтың танымал әндерін, белгілі әншілердің туындыларын көптеп орындауға тырыстым. Осыдан кейін қазақтар маған түрлі әндерді ұсына бастады. Сондықтан мен жай ғана өнерді бағалай білетін адамдардың махаббатына өз жауабымды бердім.

F: Қазақ әндері Оңтүстік Кореяда қалай қабылданды? Сіз қазақша және корейшеге аударып орындаған әндердің тыңдарманы бар ма?

- Менің Кореядағы бұрынғы тыңдармандарым, жанкүйерлерім қазақ әндерін YouTube каналым арқылы тыңдап жүр. Олардың беріп жатқан бағасы өте жоғары. Олар бұны жаңа бағыт, жаңа бастама ретінде қабылдайды.

Фото: © Ильяс Шахрат

F: Қазақтың домбырасымен ән салғаныңызды көрдік. Бұл Шәмші Қалдаяқовтың «Сыған серенадасы» болатын. Қазақтың ұлттық аспабын меңгердіңіз бе, бұл аспапты қайдан алдыңыз?

 - Иә, бұл аспапты маған Қазақстанда сыйға тартты. Мен бұған дейін танымал әнші Мирас Жүгінісовтың концертіне қонақ ретінде қатыстым. Сонда маған сый-құрмет жасап, қазақтың домбырасын тарту етті. Кореяға оралғанымда интернетке қарап, біраз жаттығу жасадым. Мен өзім гитарада ойнаймын, сондықтан маған домбыра өте қызықты болды. Бірақ әлі толық үйренбедім.

F: Қазіргі қазақ шоу-бизнесінің беталысына қандай баға берер едіңіз? Қандай топтарды, қандай әншілерді атап өтер едіңіз?

- Қазақстанда өте жақсы әншілер, табиғатынан дарынды әртістер көп. Қазақстанның шоу-бизнесі сөзбен жеткізуге болмайтын, шығармашылық әлеміндегі сан алуан бояуларымен, өзіндік түстерімен ерекшеленеді. Мүмкіндік болса мен Қазақстанның көптеген әншілермен, шығармашылық ұжымдарымен, арналарымен бірге жұмыс істегім келеді. Арналар демекші, жақында ғана Қазақстанның «El arna» телеарнасында көрсетіліп жатқан үздік корей сериалдарына арналған әдемі бір бейнебаян әзірленді, бұл бірлескен контент, әсіресе, әлеуметтік желілерде жақсы қаралды. Онда мен қазақстандық танымал әнші Қазыбек Құраиштың «Таптым-ау сені» атты әніннің корей тіліндегі кавер нұсқасын орындадым және онда арнадан беріліп жатқан және алда берілетін кәріс дорамаларының керемет көріністері бейнеленді. Соңында менің Сеулден жолдаған ыстық сәлемім қатар берілді. Бұл іскерлік ынтымақтастықтың басы ғана деп ойлаймын.

F: Ал Кореядағы бәсеке қандай? Танымал және табысты болу қаншалықты қиын? Қандай шығынды, еңбекті талап етеді?

- Кореядағы бәсекелестік өте үлкен әрі қатал. Бұл салада белгілі бір деңгейде табысқа жету үшін көп капитал жұмсалады. Бірақ табысқа жету ықтималдығы өте төмен. Шоу-бизнес нарығында көптеген топтар дебют жасайды және олардың көбі өнер әлемінен бір уақытта ғайып болады.

Фото: © Асхат Нурекин

F: Сіз жыл басында Ақтөбе өңірі туризмінің амбассадоры атандыңыз. Бұл миссия сізге қалай бұйырды? Неліктен Ақтөбе?

- 2023 жылдың желтоқсанында Сеулде үлкен туристік көрме өтті. Сол шара аясында Ақтөбе өңірінің туристік әлеуеті көрсетілді, өнері мен мәдениеті таныстырылды. Оған Ақтөбеден көптеген суретшілер мен сәнгерлер қатысты және мен сол жерде көптеген адамдармен таныстым, сонымен қатар сол жерде осы өңірге арнайы шақырту алдым. Ал 2024 жылдың басында Ақтөбеге келіп, облыстың туризм амбассадоры атандым. Содан бері Елші ретінде Ақтөбе жайлы айтып, Ақтөбе өңірін таныстырып келемін.

F: Қазақстан мен Корея арасындағы туризм қандай деңгейде? Сіз оған қаншалықты ықпал ете аласыз? Бұл бағытта қандай жұмыстар жасалып жатыр?

- Қазірде көптеген шетелдіктер Кореяға саяхаттап барады. Корей дорамалары мен музыкасы бүкіл әлемге танымал. Сондықтан болса керек, көптеген шетелдіктер Кореяға келгісі келеді. Коронавирус дәуірінен кейін туризм индустриясы күннен күнге дамып келеді деп ойлаймын. Ал жақында кореялық танымал ютубер (Kwak Tube) Қазақстанға арнайы келіп, қызықты контент көрсетті. Бұған дейін корей халқы Қазақстанға айтарлықтай қызығушылық таныта қоймаған еді. Дегенмен, бұл тек басы ғана деп ойлаймын.

Фото: © Асхат Нурекин

F: Сіздің автокөлік жарнамаларына, көлік экспортымен айналысатын компаниялардың ролигіне түсіп жүргеніңізді көрдік. Бұл Қазақстан нарығына қатысты ма? Не жарнамалайсыз? Ондағы табысыңыз қандай?

- Бұл менің досымның компаниясы. Әрине, бұл Қазақстанға да қатысты. Кореяда автомобильдер арзан, бірақ Қазақстанда, Қырғызстанда және басқа елерде ондай көліктер өте қымбат тұрады. Сондықтан қазір көптеген адамдар пайда табу мақсатында Корея автокөліктерін алып келуге тырысуда. Бірақ адамдардың көбі көліктерді заңсыз әкетіп жатады. Мен қатысқан жарнама бұл компанияның таза әрі сенімді екендігі туралы түсінік беруге бағытталған. Әйтпесе, көптеген адамдар түрлі проблемалармен бетпе-бет келіп қалады, заңсыз жағдайларға душар болып жатады.

F: Жалпы, қазіргі айналысып жатқан шығармашылығыңыз Сізге қандай табыс әкелуде? Оның ішінде Қазақстанның үлесі қандай?

- Мен үшін Қазақстанда әзірге табыс аз. Өйткені Оңтүстік Кореяның бағасы әлдеқайда қымбат. Менің шығармашылығымдағы қазақстандық импорт үлесі аса көп емес деп ойламаймын. Ал бастамаларымның негізгі мазмұны көптеген адамдардың сүйіспеншілігімен тікелей байланысты екенін айрықша атап өткім келеді.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить