Димаш Ниязов: Офицер ретіндегі міндетім – адамгершілік бар екенін көрсету

71057

Он үш жасында ата-анасымен Америкада тұрақтаған Димаш Ниязов – бүгінде АҚШ-та танымал боксшы және полиция қызметкері

Димаш Ниязов
Димаш Ниязов

Нью-Йорктің «үздік полицейі» не себепті офицер болуды қалады? Қазақстандағы бокстың бүгінгі жағдайы туралы қандай пікірде? Болашақта Қазақстанға келіп, қандай салалардың дамуына үлес қосқысы келеді?

Forbes.kz тілшісіне берген сұхбатында АҚШ-тағы танымал отандасымыз Димаш Ниязов осы және өзге де сұрақтар бойынша өз ойын ортаға салды.

F: Димаш мырза, 2017 жылы өзіңіз қызмет етіп жүрген Нью-Йорк полициясы департаментінде «үздік полицей» деп танылдыңыз. Сіз үшін бұл қаншалықты маңызды еді? Сол кездегі эмоцияңызды сипаттап бере аласыз ба?

- Мен үшін «үздік полицей» жүлдесін алу сол тұста күтпеген жағдай еді, тіпті тосын сый десем де болады. Әрине, мен қуандым, өте қуандым. Себебі бұл жүлдені алуымның өзі – менің жұмысым белгілі бір жетістікке, мақсатқа жетіп жатыр дегенді білдірсе керек. Демек, менің еңбегім бағалануда, маған сенім артылуда және, тек, басшылықтың ғана емес, тұрғындардың тарапынан да. Бірақ бұл арадағы басты жетістік – жүлде алып, «үздік» деп танылуда емес. Менің назарымдағы ең басты нәрсе – офицерлік қызметім және осы қызметті мінсіз атқару, маңайыма пайдалы болу.

F: Нью-Йорк секілді әлем бойынша ірі қаланың бірінде полиция болу оңай емес, сірә. Осындай қауіпті жұмыспен айналысуға не итермелейді?

- Полицияда жұмыс істеу – база кезден арманым болатын, әрине, адреналин да жоқ емес (күледі). Нью-Йорк секілді үлкен қалада жүріп, қылмыскерлерді ұстау, белсенді «коп» болу мені жігерлендіруі мүмкін, бірақ осындай қауіпті жұмыспен айналысуға талпыныс беретін ерекше күш – әлемде әлі де болса адамгершілік бар, мен осыған сенемін. Офицер ретінде фронтирде жүріп, маңайдағы жұртқа «адамгершілік бар, оған сену керек, оны сезіну керек» дегенді біз бірінші болып үлгі етуіміз қажет. Адамның өмірінде әртүрлі жағдайлар болып жатады, полиция офицері соны түсініп, сезініп, дәлелдей алуы өте маңызды.

F: Сіздіңше, бұл қызметтегі негізгі қасиет, міндет – ол не?

- Менің мамандығымдағы шешуші фактор – офицер мен қоғам өкілдері арасындағы сенімді, өзара сенімге негізделген қарым-қатынасты нығайту. АҚШ-та тұрғындардың жағдайын жақсартуға арналған көптеген бағдарламалар бар: тамақты тапсырыспен жеткізу, біреуді қаржылай тұрғыдан қолдау үшін ақша жинау, балаларды жаңа бір нәрсені үйретуге арналған спорттық шараларға бару, т.б. Осының барлығы адамдардың жағдайын жақсартып, өз араларында да, офицер мен тұрғындар арасында да қарым-қатынастың жақсаруына әсер етеді.

Әрине, патруль жұмысы барысында қызықты оқиғалармен қатар қауіпті сәттер де кездесіп жатады. 2020 жылы жаз мезгілінде бір аптаның ішінде үш күн қатарынан оққа ұшырап, әйтеуір аман қалдық. Бұл полиция жұмысындағы тәуекел факторы.

Қызықты оқиғалар да жоқ емес. Соның бірі әлі есімнен кетпейді. Көліктерді тексеру кезінде жол бойындағы бір жүргізушіден құжаттарын сұрадым. Құжаттарына қарасам... Қазақстаннан келген екен. Мен ағылшынша сөйлеп тұрған соң, отандасы екенімді ол да, көлік ішіндегілер де түсінген жоқ. Артынша қастарына барып, ақырын ғана «Жағдайларыңыз қалай?» деп сұрағанымда, таңғалып, мені көргендеріне қатты қуанып қалды. Бұл жағдай маған да ерекше қуаныш сыйлады.

F: «Боксшы болу» және «полиция қызметкері болу» дегенді қалай ұштастырасыз?

- Бокспен айналысуым полиция қызметінде көп көмегін тигізуде. Себебі мен спортшы ретінде қарсылас жайлы және оның келесі қадамы туралы алдын ала ойлап тұрамын. Әсіресе, патруль кезінде немесе қауіпті жағдаймен бетпе-бет келгенде оның бетін қалай қайтаруға болады, қауіпті жағдайды болдырмау үшін не істеу қерек дегенді алдын ала болжай аламын. Шахматта қарсыластың жүрісін бағамдап отырғандай, бокста да соққыдан қашуға тырысасың. Жұмыс барысында да дәл солай – адамға кесірін тигізуі ықтимал жайттарды алдын ала көріп, сезінуге ұмтыламын.

Полиция қызметкері болуды армандай жүріп-ақ, бала кезімнен бокспен шұғылдандым – Қазақстанда тұрған кезден-ақ. Әкем мен олимпиадалық жаттықтырушы Нұрғали Сафиуллинмен бірге Шымкент қаласында бокспен айналыстым. Полиция болсам деген арманым орындалды, бірақ мен үшін бокстың орны бөлек. Өйткені боксты маған әкем үйретті, өзі жаттықтырды. Сондықтан да спортшы болсам да, полиция қызметкері болсам да «үздік» екенімді дәлелдегім келеді. Негізі, кез келген спорттың түрі адамның бойындағы игі қасиеттер мен қабілеттерді тәрбиелей түседі. Нақты бокс жайлы айтар болсақ, бокстың арқасында мен бойымдағы сезімталдық әлеуетін арттыра алдым, ал ол дегеніңіз – жұмыс кезінде де, рингте де өзіңді қорғай алатындай күш. Жұмыс барысында мен, қажеттілік туындап жатса, өзімді де, өзгелерді де қорғай алуым керек. Жас боксшыларға айтарым: бойдағы мықты қасиет, қабілетті арттырып, дамыта беріңдер, ал ол үшін – жаттығудан ешқашан бас тартпаңдар, алға қойған мақсаттардан тайынбаңдар. Тіпті, маңайдағы жұрттың сендерге деген сенімі жетпей жатса да, өздеріңе деген сенім молынан болсын!

F: Қазақстандағы бокс туралы не айтасыз?

- Бокс Қазақстанда жақсы қарқынмен дамып келеді, әсіресе, әуесқой бокс ауқымын кеңейтіп жатыр. Азия мен Еуропа чемпионы атанып, бұл салада көтеріліп келе жатқан қазақстандық боксшылар көп. Келесі Олимпиада кезінде елімізден көп жеңіс күтемін. Боксшылар Қазақстанның қоржынын медальдармен толтырады деген үміттемін.

Ал кәсіпқой бокстың жағдайына келетін болсақ, бұл тұрғыда, басқаларға қарағанда, біздің ел артта қалып келеді. Оның себебі – спорттық іс-шараларды кәсіби түрде ұйымдастырушы промоутердің жоқтығы. Бүгінде промоутерлердің көп бөлігі Америкада. Меніңше, қазір көптеген қазақстандық боксшылар көзге түсіп, оларды АҚШ-қа, Канадаға өнер көрсетуге алып кетіп жатыр...

Мен Шымкент қаласында жекпе-жек өткізгім келеді. Ол жақта көптен бері шоу бола қойған жоқ. Келесі жылы Қазақстанға келгенде туған қаламда титул үшін күресуге мүмкіндік болады деген ойдамын. Біздің бастаманы қолдайтын демеушілер мен көрермендер табылып жатса, тіпті керемет болар еді. 

F: Биыл отбасыңызды алғаш рет Қазақстанға әкелдіңіз. Олар қандай әсер алды? Елге қайта оралғанда өзіңіз қандай сезімде болдыңыз?

- Ия, осы жазда Қазақстанға отбасыммен бірге бірінші рет келген кезде, оларға қайда, қай жерде өскенімді көрсеттім. Туыс-туған, іні-қарындастарыммен таныстырдым. Отбасыма біздің қазақи қонақжайлығымыз, әсіресе, туысқандарымның бізді қалай күтіп алғаны қатты ұнады.

Сол сияқты, Қазақстанда ата-ана еш алаңсыз балаларымен бірге кешкі құрымда қала ішінде серуенге шыға береді. Бұл менің отбасыма өте ұнады, өйткені АҚШ-та мұндай жағдай сирек кездеседі. Ата-аналар балаларын белгілі бір уақыт орамында далаға ойнап қайтуға жіберуге қорқады.

Әрине, қазақтың қонақ күту мәдениеті, біздің тағамдарымыз, ұлттық дәмдеріміз де олардың көңілінен шықты. Мен Қазақстанды өте жақсы көремін. Шымкентте қазақ болып тудым, сонда өсіп, жетілдім, балалық шағым да сонда өтті. Барлық жақындарым, туған-туыс, дос-жаран Қазақстанда тұрып жатыр. Әрине, елге келгендегі әр күнім мен үшін құнды, естен кетпес ерекше сәт: езуіме күлкі үйіріліп, өзімді бақытты сезіндім десем, артық айтқаным емес.

Елге алдағы уақытта да келіп тұрсам деймін, себебі отбасыма түп-тамырымды, төл мәдениетімді таныстырғым келеді, мен үшін құнды осы бұлақтан балам да нәр алып өссе деймін.

F: Туған жерден шалғайда жүру қаншалықты қиынға соғады?

- Алдыңа мақсат қойып, оқу жағынан болсын, жұмыс жағынан болсын жетістікке жету үшін шетелге жалғыз кетсең – үйіңді, жақындарыңды сағынасың. Оңай емес, әрине, бірақ қай кезде болса да Отаныңа қайта оралатыныңды білесің. Онда сені күтетін, ойлайтын, қолдайтын, демеу болатын адамдарың бар екенін де жақсы білесің.

Америкадағы қазақтарды спорт, музыка және бір-бірін қолдау жақындастырады. Одан бөлек, бір-бірімізге деген жылулық, жайлылық бар. Жалпы, біздің қазақ екеніміздің өзі ғана бізді бір-бірімізге жақын ете түседі.

F: «Елге келіп тұрамын» деп уәде бердіңіз. Қашан және бұл тұрғыда ойыңызда қандай жоспарлар бар?

- Бұйыртса, келесі жылы көктемде немесе жазда келсем деген ой бар. Елге келуге қатысты себеп те, жоспар да көп. Солардың бірі – бокс пен полиция саласына қатысты. Менің арманым –Шымкент қаласында шоу ұйымдастырып, өткізу. Осы шоу аясында титул үшін күресіп, шетелде тұратын қазақтардың қолынан да көп нәрсе келеді дегенді дәлелдегім келеді (күледі).

Мұхиттың ар жағында, мыңдаған шақырым қашықтықта жүрсек те, біздің Отанымыз – Қазақстан және біз өз еліміздің патриоты, жауынгері екенімізді көрсеткіміз келеді.

Фотосуреттер Димаш Ниязовтың жеке архивінен өз рұқсатымен алынды

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить