Астана-Нью-Йорк: Қазақстан мен АҚШ арасын жалғайтын тікелей әуе қатынасы қай кезде ашылмақ

7976

2018 жылы әлемге қанша рейс ашылды, жыл аяғына дейін қандай халықаралық бағыттар іске қосылады

Фото: pixabay.com

Forbes.kz осы және өзге де сауалдарға қатысты ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаевтан сұхбат алды.

F: 2018 жылы әлем елдеріне қай қалалардан және қандай бағыттар бойынша жаңа рейстер ашылды? Жыл аяғына дейін қандай мемлекеттерге қатынау жоспарда бар?

- Қазірде Қазақстан мен әлем елдері арасында 96 халықаралық бағыт орнатылған. Биыл қазақстандық әуе тасымалдаушылар Атырау-Франкфурт, Астана-Қазан, Астана-Түмен, Астана-Вильнюс, Астана-Челябинск, Астана-Краснодар, Астана-Томск, Астана-Сочи сияқты 8 жаңа бағытты ашты. Ал шетелдік тасымалдаушылар тарапынан «Air Baltic» Рига-Алматы, «Сибирь» Новосибирск-Павлодар, «Ангара» әуе компаниясы Красноярск - Алматы бағыты бойынша жаңа рейстерді ашты. Жыл соңына дейін Мәскеу-Қызылорда, Ақтау-Дубай сынды тағы бірнеше халықаралық бағыт ашылады. Сонымен бірге көптеген халықаралық маршруттардың ұшу жиілігі арта түскенін айта кету керек.

Талғат Ластаев
Фото: Архив пресс-службы
Талғат Ластаев

F: Астанада «ашық аспан» қағидаты енгізілгенін білеміз. Бұл жүйе қаншалықты ақталды, әуе қатынасының жиілігі қаншалықты өзгерді?

- Қазірде Астанамен әлем қаржы орталықтары арасына тікелей әуе қатынасын қамтамасыз ету аясында авиатасымалдау нарығын кезең-кезеңмен либерализациялау жүргізіліп жатыр. EXPO кезінде шетелдік компанияларға Астана қаласына аптасына 7 рейске дейін ұшулар орындау құқығы берілген еді. «Ашық аспан» қағидаты нәтижесінде польшалық «LOT» авиакомпаниясы Варшава – Астана, венгриялық «Wizzair» Будапешт – Астана, «Finnair» Хельсинки – Астана, грузиялық «Georgian Airways» авикомпаниясы Батуми – Астана бағыты бойынша, сондай-ақ қазақстандық әуе компаниялардың қатысуымен Сиань, Киев, Минводы, Ереван, Дели қалаларына жаңа рейстер ашылды.

2017 жылы Қазақстан нарығына тұңғыш рет low-cost сегментіндегі «Wizzair», «LOT» әуе компаниялары, ресейлік «Победа» әуе компаниясы кірді. Олар бұған дейін ұшып жүрген «Air Arabia» және «Fly Dubai» сияқты озық лоукостерларға қосылды.

Бүгінд Қазақстан мен шет мемлекеттер арасында 38 әуе қатынасы туралы келісімге қол қойылған. Жалпы, қазақстандық нарықта 15 елдің 25 шетелдік әуе компаниясы тұрақты түрде өз жұмыс істеп келеді.

F: «Астана» халықаралық қаржы орталығын құруға қатысты Еуропа, Азия, тіпті АҚШ-қа дейін тікелей әуе рейстерін ашу жоспарланған еді. Бұл жоспар қашан іске асады?

- Қазіргі уақытта Астанадан бірнеше ірі халықаралық қаржы-саяси орталықтарына тікелей әуе рейстері орындалады. Елордамыз Еуропа (Германия, Франция, Ұлыбритания, Польша, Финляндия, Мажарстан, Литва) мен Азияның (Қытай, Корея, Малайзия, Таиланд) ірі мемлекеттерімен тікелей әуе қатынасы арқылы байланысқан. Алдағы жылдары Жапонияның Токио қаласына, Сингапурға тікелей рейстер ашу жоспарланған.

«Эйр Астана» әуе компаниясы 2021 жылы Солтүстік Америкаға еш жерде қонбай тікелей рейсті орындау үшін Боинг 787 «Дримлайнер» әуе кемесін сатып алуды жоспарлап отыр. Заманауи ұшақ сатып алынса Америкаға 2021 жылдың ІІ тоқсанында ұша алады деген үмітіміз бар.

Бұл ретте, ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті тарапынан 2021 жылы Нью-Йорк қаласына тікелей тұрақты рейсті ашу жұмысы жүруде.

F: Әлем әуе компанияларының Қазақстан нарығына деген қызығушылығы қандай, олардың тарапынан жаңа рейстер ашу жоспарда бар ма және қандай компаниялар, қай елден?

- Авиация өте үлкен инвестицияны, сапалы инфрақұрылымды қажет ететін сала. Әуежайларымыз кез келген ұшақ түрін қабылдай алатын мүмкіндігі болуы керек. Ал біздің еліміздің транзиттік потенциалы мен Еуразияның ортасындағы ауқымды аймақты алып, батыс пен шығыс елдерін байланыстырып отырғанымызды ескерсек қызуғышылық жоғары. Өткен жылы тек Астанадан шетелге 10 бағыт аштық. Осы жылдың аяғына дейін РФ, Финляндия, Моңғолияға, Мәскеу-Қызылорда (Аэрофлот), Хельсинки-Астана (Finn Air), Астана-Ұлан-Батор (SCAT) бағыты бойынша рейстер ашу жоспарланған. Сондай-ақ, әуе компаниялар өз рейстерінің жиіліктерін арттырып, жолаушыларымызға ыңғайлы, жайлы болу үшін бағытқа кеңейтілген жаңа ұшақтарын қойып жатыр.

F: Қазақстандағы ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ИКАО стандартттарын енгізу жоспары қалай жүзеге асу үстінде және Халықаралық аудит нәтижелері қандай?

- Бүгінгі күні Қазақстан Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандартына сәйкестігі бойынша ТМД елдерінің арасында 2-ші орынды (Армениядан кейін -83%) және 74% көрсеткішімен барлық ИКАО-ға мүше-мемлекеттердің арасында 73-орынды иеленіп тұр. Бұл индикатор отандық авиакомпаниялардың ұшу қауіпсіздігі деңгейінің жоғары екенін көрсетеді. Қазіргі таңда ұшу қауіпсіздігі бойынша еуропалық орташа көрсеткіш 76% құрайды. Дегенмен, біз авиация саласын басқарудың «британдық үлгісіне» көшу арқылы бұл деңгейден асып түсіп, 80 пайыздық межеге жетуді мақсат етіп отырмыз.

F: Қазақстан әуежайларының инфрақұрылымын жақсарту жоспары қалай іске асты, қай өңірлерде жүргізілді және бүгінгі жағдайы қандай?

- Қазіргі уақытта еліміздің аумағында 20 әуежай қызмет етеді. Оның ішінде мемлекет қарамағындағы 12 әуежайдың 8-і «Airport Management Group» ЖШС сенімгерлік басқаруына берілген, 6 әуежай жеке меншікте, тағы 2 әуежай – концессиялық басқаруға берілген.

Бұл ретте, авиацияның дамуымен қатар әуежайларымызда жолаушыларға қызмет көрсету жыл сайын 10% өсіп отырғанын айта кету керек. Өткен 2017 жылы Қазақстанның әуежайларында 14,4 млн.жолаушыға қызмет көрсетілді.

Әуежайлардағы инфрақұрылымды модернизациялау жалғасуда. Бұл өз кезегінде қазіргі заманға сай әуе кемелерінің барлық түрін қабылдауға мүмкіндік береді.

2017 жылы Астана қаласындағы әуежайдың жаңа жолаушылар терминалының құрылысы аяқталғанын білесіздер.

Оның жалпы көлемі 47 мың кв метрді құрайды, өткізу мүмкіндігі – жылына 8,2 млн.жолаушы немесе 2525 жол/сағ. Алматы қаласындағы әуежай меншік иесінің қаражаты есебінен бір ұшу-қону жолағының реконструкциясы аяқталды (ИКАО IIIВ санатына дейін көтеру). Оны пайдалануға берген соң ұшу/қону саны сағатына 13–тен 24 ұшаққа дейін артты, бұл әуе компаниялардың өндірістік қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта Семей қаласындағы әуежайдың аэровокзал кешенін және ұшу-қону жолағын реконструкциялау, «Қостанай қаласындағы әуежайдың аэровокзалын және жасанды ұшу-қону жолағын реконструкциялау» жобасын іске асыру жұмыстары басталды. Жоғарыдағы іс-шаралардың көпшілігі республикалық бюджеттен қаржыландырылады.

F: Қазақстан мен әлем елдері арасындағы жолаушылар ағынына қатысты деректер қандай және қаншалықты өзгеруде?

- 2017 жылы қазақстандық және шетелдік тасымалдаушылар 7,3 млн. жолаушыны тасымалдады. Ал биыл қаңтар-сәуір айларында 2,3 млн. адам тасымалданды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 21% артық.

F: Бүгінгі әуе парк қаншалықты жаңарды, қанша компания бар және олар қолданатын ұшақтардың жағдайы қандай?

- Қазақстанның тұрақты жолаушылар паркінде 76 ұшақ бар. Отандық әуе тасымалдаушылар арасында «Эйр Астана» әуе компаниясы көшбасшы болып табылады. Оның паркінде батыс елдерінің өндірісі жасаған 32 Embraer, Airbus және Boeing заманауи ұшақтары бар. SCAT әуе компаниясының флотында 20 ұшақ бар, оның құрамында биыл шығарылған су жаңа Boeing 737 MAX әуе кемесі аспанымызда ұшып жүр. «Бек Air» әуе компаниясы 10 Fokker реактивті ұшағын пайдаланады. Бағыттардың басым бөлігі батыста жасалған әуе кемелерімен орындалады және жаңадан тікелей өндіруші зауыттардан сатып алынған.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить