Қыркүйекте Ұлттық банк интервенциялар жүргізген жоқ

19231

ҚР Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова теңге бағамының динамикасы мен қаржы нарығындағы соңғы тенденциялар туралы мәлім етті

ФОТО: архив пресс-службы

Теңге бағамы және валюта нарығы туралы 

ҚР Ұлттық Банкінің мәліметінше, биыл қыркүйек айында теңге бағамы 0,9%-ға әлсіреп, 1 АҚШ долларының құны 476,53 теңгеге жеткен. Әлия Молдабекованың айтуынша, осы тұста ұлттық валюта бірқатар қолайсыз сыртқы факторлардың қысымына ұшыраған. Жалпы, геосаяси қақтығыстардың қыркүйек айында өрши түсуі нарықтағы ойыншылардың көңіл-күйіне әсер еткен басты фактордың бірі деуге болады. Сол сияқты, өткен айда әлем бойынша монетарлық жағдай күшейіп, мұнайдың бағасы да құлдырап кетті.

«Теріс факторлардың әсеріне қарамастан, валюта нарығы теңгерімді жағдайда болды. Ұлттық Банк интервенцияларды жүзеге асырған жоқ. Теңге – доллар жұбы бойынша биржалық сауда-саттық көлемі тамызбен салыстырғанда біршама қысқарды. Квазимемлекеттік сектордың сатылымдары валюта нарығына қолдау көрсетті. Екінші деңгейдегі банктер арқылы валюта нарығында сатылған кіріс көлемі 583,5 млн долларды құрады, ал республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін қыркүйек айында Ұлттық қордан 85,1 млн доллар сатылды», - деп мәлімдеді бұл тұрғыда Ұлттық Банк төрағасының орынбасары.

Алтын-валюта резервтерінің динамикасы туралы

«Алдын ала деректер бойынша, алтын-валюта активтерінің көлемі бір айда 90 млн АҚШ долларына ұлғайып, ай соңында 32,8 млрд долларды құрады» делінген Ұлттық Банк ақпаратында.

Бұл тұрғыда Әлия Молдабекова, екінші деңгейдегі банктер қаражатының «Ұлттық Банктегі валюталық шоттарға әкелінуін» жағымды фактор деп көрсетсе, «мемлекеттік борышты төлеу мен алтын бағасының төмендеуін» жағымсыз факторлардың негізгісі деп түсіндіреді.

Әлия Молдабекова
Әлия Молдабекова

«Қыркүйек айында алтын бағасы барынша құбылмалы болды, айдың қорытындысы бойынша алтын бағасын белгілеу 1712 доллардан/унциядан 1673 долларға/унцияға дейін немесе 2,3%-ға төмендеді. Қыркүйектің соңғы күндерінде алтын өз позициясына ішінара «оралғанынымен», бір айдың ішінде баға белгілеу 1618 долларға/унцияға дейін төмендеп, 2020 жылғы сәуірден бергі екі жылдық ең төменгі көрсеткішті жаңартты», - дейді Ұлттық Банк өкілі.

Сондай-ақ, ол көптеген елдердің орталық банктері өздерінің ақша-кредит саясатын күшейтіп, АҚШ долларының жаһандық тұрғыда нығая түсуі алтын бағасының төмендеуіне ықпал етпей қойған жоқ деп отыр.

Ұлттық қор туралы

Ұлттық Банк деректеріне сүйенсек, қыркүйектің қорытындысы бойынша Ұлттық қордағы валюталық активтердің көлемі 51,6 млрд АҚШ долларын құраған.

Әлия Молдабекованың айтуынша, өткен айда Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферт түрінде 305 млрд теңге бөлінді. «Трансферттерді бөлу, негізінен, қордың теңгедегі шотындағы қалдық есебінен, сондай-ақ, бұрын атап өтілгендей, 85 млн АҚШ доллары шетел валютасында немесе теңге баламасында шамамен 41 млрд конвертация есебінен іске асырылды», - деп түсіндіреді ол.

Сыртқы нарықтардағы жағдай туралы

Ұлттық Банк төрағасының орынбасары өз мәліметінде 2022 жылдың қыркүйек айында тәуекелді активтердің құбылуы арта түсті деп көрсетеді. Оның айтуынша, бұған АҚШ-тың Федералдық резервтік жүйесі мен әлем бойынша жетекші орталық банктердің бірқатарының ақша-кредит саясатын күшейте түскені септік еткен.

«АҚШ-тағы инфляция бойынша ай сайынғы статистика көрсеткендей, баға өсімі сарапшылар болжамынан асып түсті және 8,1% консенсус жағдайында 8,3%-ды құрады. Осының өзі ғаламдық инвесторлардың АҚШ-тың ФРЖ ставкасын агрессивті түрде одан әрі көтеретіні туралы пікірін нығайта түсті», - дейді Әлия Молдабекова.

Айта кетейік, қыркүйектің екінші жартысында АҚШ реттеушісі негізгі мөлшерлемені осымен үшінші рет 75 базистік тармаққа көтеру туралы шешім қабылдаған болатын.

«Бұл тұрғыда Джером Пауэлл шектеулі ақша-кредит саясаты ұзаққа созылатынын ескертті. Онжылдықта алғаш рет АҚШ-тың 10 жылдық қазынашылық облигацияларының кірістілігі 4%-дан жоғары өсіп, бұл АҚШ долларының одан әрі жаһандық нығаюына ықпал етті», - дейді Ұлттық Банк төрағасының орынбасары.

Әлия Молдабекова, сондай-ақ, АҚШ долларының үстемдігі жергілікті валюталарға да ықпал етпей қойған жоқ деп отыр. Мысалға, жаңа фискалдық саясат инфляция мен мемлекеттік қарыздың өсуіне әкеліп соқтырады деген қауіп аясында британдық фунт 4%-ға әлсіреп, тарихи ең төмен көрсеткішке дейін құлдыраса, жапон иенасы 4,1%-ға әлсіреген.

«Ұлттық валюталардың шамадан тыс ауытқуына жол бермеу үшін Жапония Банкі шетел валютасын сатып, валюталық интервенциялар жүргізсе, Англия Банкі мемлекеттік облигацияларды сатып алу түрінде борыштық нарықта интервенциялар жүргізді», - деп түсіндіреді ол.

Ұлттық Банк мәлім еткен деректерге сүйенсек, қыркүйекте мұнай бағасының құлдырауы әрі қарай жалғасып, бір баррель үшін 88 АҚШ долларына дейін, яғни 8,8%-ға төмендеді. Соңғы екі жылда мұнай бағасының осындай тоқсандық құлдырауы бірінші рет байқалғанын айта кеткен жөн. Ұлттық Банк сарапшыларының айтуынша, әлемдік экономиканың өсуінің баяулауына қатысты алаңдаушылық көңіл-күй мұнай өндіру және ұсынысты қысқарту перспективаларынан басым шығып отыр.

«Қазан айының басында баға белгілеу ОПЕК альянсының 2022 жылғы қарашадан бастап мұнай өндірісін тәулігіне 2 млн баррельге қысқарту туралы күтпеген шешімінен қолдау тапты», - деп көрсетеді өз мәліметінде Ұлттық Банк төрағасының орынбасары.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить